«Мейірімді қала тұрғындары»: Елордалық мемлекеттік қызметкерлер жалғызбасты қариялардың ауласын қардан тазартты

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Мейірімді қала тұрғындары»: Елордалық мемлекеттік қызметкерлер жалғызбасты қариялардың ауласын қардан тазартты
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрдәулет Альмухановтың айтуынша, шараның басты мақсаты – адамгершілік қасиеттерін дәріптеу.   «Бүгін қазыналы қарттарымыздың үйіне барып, амандық-саулық сұрасып, ақ баталарын алдық. Үй маңында үйілген қарды шығарып, қолымыздан келгенше қолдау көрсеттік. Қайырымдылық – қазақтың қанында бар қасиет. Шара өскелең ұрпаққа бірлік, ынтымақ пен жанашырлық қасиеттерін насихаттайды. Екінші мақсат – игі істі, жақсылық жасауды өзге жандарға үлгі ету. Себебі еріктілердің келгенін күтпестен, көршіңіздің ауласын өзіңіз-ақ күреп тастай аласыз ғой. Оған көп уақытыңыз да кетпейді. Сол сияқты көмекке мұқтаж көршіңіздің үйіне айына бер рет болсын барып, қарын күреп берсеңіз, нұр үстіне нұр. Жақсылық жасаудан жарысайық. Алдағы уақытта да осындай қайырымдылық шараларын жалғастыру жоспарымызда бар», - деді ол. Қайырымды жандар екі үйдің үйілген қарын күреп, бір-екі сағатта айналаны айнадай етті. Ал 86 жастағы еңбек ардагері, жалғызбасты Надежда Глушко ауласының тазарғанына емес, өзін елеп-ескеріп келген ерекше жандардың қамқорлығына қуанышты екенін жеткізді. «Бүгін ерекше қуанып қалдым. Мәселе қардың күрелгенінде емес, сіздердің келгендеріңізде. Мен сияқты адамға ерекше көңілден, ыстық ықыластан артық не бар... Қайырымдылық шарасы жалғасын таба берсін. Істеріңізге сәттілік тілеймін», - деп ақ батасын берді. «Түске дейін ауламыз қалың қардан тазарды. Өзгеге қуаныш сыйлау, қиналғанға қол ұшын созу – сауапты іс. Мұндай сенбіліктер адамдарды жақындастырып, құрмет пен ізеттілікті дәріптейді. Ерекше құрмет көрсетіп, біз сияқты жандарды ұмытпай, әрқашан көмек көрсетіп тұратындарыңызға дән ризамыз. Жұмыстарыңыз алға баса берсін. Аман-сау болыңыздар!» - деп жылы лебізін білдірді Любовь Бахарева. Наима Нұралықызы