Көлгінов: «Шығыс» тұрғын үй кешенінің құрылысы – ең проблемалы нысандардың бірі

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Көлгінов: «Шығыс» тұрғын үй кешенінің құрылысы – ең проблемалы нысандардың бірі
ашық дереккөз

«Жалпы, елордада 2019 жылға дейін мұндай 52 проблемалы нысан болды. Яғни 15 мыңнан аса үлескер өздерінің баспаналарына кіре алмай жүрді. Сол жылы осындай 10 нысан пайдалануға беріліп, 2,5 мың үлескер баспаналы болды. 2020 жылы 20 проблемалы нысан пайдалануға беріліп, 5 мың үлескер өз пәтерлеріне қоныстанып жатыр. Енді құрылысы аяқталмаған 22 проблемалы нысан қалды. Соның ішінде «Шығыс» тұрғын үй кешенінің құрылысы – ең проблемалы нысандардың бірі. Бұл тұрғын үй кешені бесінші кезекке дейін барады. Ондағы «1» және «1В» блоктары туралы айтатын болсақ, үйдің қаңқасы тұр. Енді ішкі және сыртқы жұмыстары, инженерлік желілер бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар қала басшысы мердігерлердің жауапкершілігі туралы да айтып өтті. «Біз конкурс жариялаған кезде құрылыс компаниялары үлескерлер арқылы салынып жатқан проблемалы нысандарға қатысқысы келмейді. Кей жағдайда біз өзіміз оларды осы конкурстарға қатысуға шақырамыз. Кейде тіпті біз оларға өтініш білдіреміз. Жаңа айтып отырған «Шығыс» тұрғын үй кешенінің «1» және «1В» блоктарының мердігері көңілден шықпады. Оның басшысы ауыстырылды. Біз онда қосымша күш жұмылдыруды, яғни қосымша жұмыс орындарын ашуды тапсырдық. Бастысы қаржыландыру бар. Жұмыс процесі басталды. Қозғалыс бар. Ал осы құрылыстың екінші бөліміндегі мердігер өте жауапты. «Шығыс» тұрғын үй кешенінің төртінші кезегіне дейін биыл ауқымды жұмыстар жүргізіледі. «Жағалау» ықшам ауданында басқа да осындай проблемалы нысандар бар. Оның барлығында да жұмыс жүргізілуде. Кейін тұрғындар бұл мәселені ұмытатын болады. Жалпы, елордадағы үлескерлердің мәселесі Мемлекет басшысының қатаң бақылауында. Үкімет тарапынан тиісті қаржы бөлінді. Жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп келеді», - деді елорда әкімі.