Театрда балалар үшін алғашқы қоңырау соғылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Театрда балалар үшін алғашқы қоңырау соғылды
ашық дереккөз

Бұл жобаны іске асыру үшін Әкімдік оқушыларды ұйымдастыру және өзге де маңызды мәселелерді өз мойнына алды. «Астана Опера» театры белсенді ағартушылық қызметін жүргізіп келе жатқанын айтып өткен жөн, оның репертуарында балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі жобалар мен концерттер бар. "Өкінішке қарай карантин жағдайында балалар түрлі гаджеттерді анағұрлым көп пайдаланады, теледидарды көп қарайды, компьютерлік ойындар ойнайды, сондықтан опера және балет әртістеріміз бен оркестр музыканттарымыздың шеберлігі, сән-салтанаты жарасқан тамаша театрымыз баланы жаңа атмосфераға бөлеп, оған асқақ өнер әлемін ашады деп үміттенеміз. Біздің міндетіміз – болашақтағы көрермендерімізді, опера және балет өнерін сүйер қауымды мектеп жасынан бастап қалыптастыру", - деп пікірімен бөлісті Мәдениет қайраткері, танымал музыкатанушы Маржан Жәкенова. «Театр сабағын» тек жоғары сынып оқушылары, яғни бозбалалар мен бойжеткендер үшін өткізу туралы шешім қабылданды. Олардың кейбіреуі, әрине, театрда болған, алайда Өнер ордасына келудің әрбір сәті – бұл әрдайым мейрам емес пе! Театрда ешқашан болып көрмеген, жай ғана жанынан өтіп бара жатып, бұл қолжетімсіз деп ойлаған балалар да бар. Шын мәнінде, театрдың есігі балалар үшін де, ересектер үшін де айқара ашық", - деп сөзін жалғастырды Маржан Жәкенова. Балалар үшін алғашқы театр қоңырауы 30 қаңтарда соғылды. Жас көрермендер назарына әлемдік хореография  жауһары – Л.Минкустың «Баядерка» балеті дайындалды.  Сондай-ақ оқушылар үшін слайдтарды қолдану арқылы тартымды түрде 15 минуттық дәріс әзірленді, тәжірибелі музыкаттанушылар балеттің мазмұны, композиторы, хореографы, қойылым туралы, сондай-ақ балалардың бұл күні сахнадан көретін солистер туралы қызықты ақпараттар берілді. - Балалар қойылымды жасаудың артында қаншама адамның тұрғанын көреді. Біз грим жасау бөлмелеріне бас сұғамыз, олар әртістерге қалай грим жасайтынын, қандай жасанды шаштардың болатынын көреді. Содан костюмерлік цехқа кіреміз, онда балалар балет пачкасын ұстап көріп, оның қаншалықты жеңіл екеніне көз жеткізе алады. Жеңіл балет костюмдері мен мысал ретінде XVIII ғасырдың айбынды опера киімдері арасындағы  айырмашылықты көреді. Аяқ киім цехында балалар нағыз балет пуанталарын қолмен ұстап көре алады.  Сөзсіз, оларға бутафор және реквизит цехтарында қызықты болар, бұл жерде олар бутафорияның не екендігін және декорациялардың қалай жасалатынын білетін болады. Экскурсия кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталады – балалар бастарына каска киеді. Сондай-ақ олардың бағдарына музыкалық кітапхана, дайындық залдары мен тағы басқалар кіреді, - деп қорытындылады Маржан Жәкенова. Театр сабағына 30 оқушы келді. Олар  он адамнан үш топқа бөлініп, театр  әлеміне саяхат жасату үшін дайындалған  экскурсияға куә болды. Еске сала кетейік, театрда бетперде тағып жүру, қолды тазартып, зарарсыздандыру, көрермен залына әлеуметтік арақашықтықты ескеріп отырғызу сияқты санитариялық нормаларды толықтай сақтады.