Қазақстан бизнесті жүргізу бойынша әлемдік рейтингте 25-орынға тұрақтады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстан бизнесті жүргізу бойынша әлемдік рейтингте 25-орынға тұрақтады
ашық дереккөз

Бизнесті жүргізу қолайлылығы бойынша елдерді бағалау 1-ден 190-ға дейін жүзеге асырылады. Рейтинг 10 тақырып бойынша жиынтық көрсеткіштерді өлшеу жолымен жасалады, олардың әрқайсысы бірнеше индикатордан тұрады және елдің жалпы рейтингіне тең әсер етеді.

Осылайша, жарияланған есепке сәйкес Қазақстан 28-ден 25-орынға көтерілді. Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстан өз көрсеткіштерін 3 тармаққа жақсарта алды. Сарапшылардың айтуынша, еліміз Австрия, Испания, Франция, Ресей Федерациясы, Португалия, Швейцария, Жапония, Түркия, Сауд Арабиясы сияқты елдерді басып озды.

Дүниежүзілік Банктің "Doing Business-2020" халықаралық рейтингісінің есебіне сәйкес "электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу" индикаторы бойынша Қазақстан 190 орынның ішінен 67-орынды ("Doing Business - 2019-76-орын) иеленді. Мұндай нәтижеге қол жеткізу мақсатында қазақстандық бизнес үшін электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу жағдайларын жақсартатын реформалар әсер етті. Электр энергетикасы саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Мысалы, электрмен жабдықтау желілеріне қосылу кезінде екі рұқсат беру рәсімі қысқартылды және электрмен жабдықтау жүйесіне қосылуға техникалық шарттарды беру мерзімдері, тұтынушылардың жобалық шешімдерін энергия беруші ұйыммен келісу мерзімдері, сондай-ақ электрмен жабдықтауға шарт жасасу мерзімдері айтарлықтай қысқартылды.

Кәсіпкерлер үшін электр қондырғыларының белгіленген қуаты 200 кВт-қа дейін тұтынушыларды электр желілеріне қосуға техникалық шарттар беру 14-тен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Сондай-ақ, енді үш күн ішінде жобалық шешімдерді энергия беруші немесе жабдықтаушы ұйыммен келісуге және электр энергиясын жеткізуге шарт жасасуға болады. Бұрын бұл процедуралар 20 күнге дейін созылатын.

Белгіленген қуаты 5 МВт дейінгі электр қондырғылары бар тұтынушылар үшін қосуға арналған өтінімге тұтынушының сыртқы электрмен жабдықтау схемасын қоса беру талап етілмейді.

Бұдан басқа, тұтынушының энергиямен жабдықтау жүйесін сыртқы қосудың сараптамалық қорытындысын алу рәсімі алынып тасталды.

Электр энергиясын пайдалану қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыдан өтінім алғаннан кейін мынадай мерзімдерде (техникалық мүмкіндік болған кезде) жаңадан іске қосылатын немесе реконструкцияланатын электр қондырғыларын қосуға техникалық шарттар береді: қуаты 200 кВт-қа дейін — 5 жұмыс күні ішінде; қуаты 200-ден 1000 кВт-қа дейін — 10 жұмыс күні ішінде, қуаты 1000 кВт-тан жоғары — 15 жұмыс күні ішінде.

Техникалық шарттарды беру және қайта рәсімдеу үшін төлем алынбайды.

Құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат алу қажеттілігі алынып тасталды. Енді жобалаушыға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жұмыстардың басталғаны туралы электрондық нысанда хабарлама жіберу жеткілікті.

Сонымен қатар, мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау органынан электр желілеріне қосылуға рұқсат алудың қажеті жоқ.

Электрмен жабдықтау шартын жасасудың бір апталық мерзімі үш күнге дейін қысқартылды.