Túrkistan газетінің жинағы жарық көрді
15 тамыз, 2024
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Túrkistan газетінің жинағы жарық көрді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112456035607402.webp)
ашық дереккөз
Іс-шараға саясаттанушы-публицист Кенжеболат Жолдыбай, алаштанушы ғалым, Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ,Бас редакторлар клубының мүшелері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ жас ғалымдар қатысты. Іс-шараға қатысқан ғалымдар мен зерттеушілер Túrkistan газетінің жарық көрген кезінен бүгінгі тыныс-тіршілігіне дейінгі кезеңге шолу жасап, жеткен жетістіктеріне тоқталды. Басылым бетінен саяси-қоғамдық, тарихи-танымдық, рухани, мәдени тақырыптардағы сүбелі мақалалар, орамды ойлар мен парасатты пайым-пікірлер үзбей жарияланып келеді. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Гүлмира Әшірбекова Túrkistan газетінде жарияланған мақалаларға ғылыми талдау жасады. «Túrkistan газетінің бүгінгі дейін жеткен жетістігі, оның мазмұны, қазіргі сапасына байланысты қоғамда өте жақсы пікір қалыптасқан. Жалпы баспасөздің қоғамда алатын рөлі, оның атқаратын қызметі ешқашан маңызын жоймақ емес. Оған нақты дәлел ретінде әлемге танымал Washington Post, New York Times басылымдарын айтуға болады, тіпті өзіміздің «Егемен Қазақстан» газетінің ғасырдан астам тарихы бар. Демек ұзақ уақыт бойы шығып келе жатқан басылымдар оқырманға және қоғамға түрлі оқиғалар мен реформаларға байланысты өзіндік үнін жеткізу арқылы ерекше қызмет атқарады. Осы орайда 1994 жылдан бастап жарық көре бастаған Túrkistan газетінің өзіндік орны, бағыты ерекше екенін айтуымыз керек. Өйткені Túrkistan газеті әу баста халықаралық деңгейде шыққанда шетелдік қандас бауырларды жинақтау, оларды қамтуды алға қойған болса, сол дәстүр сабақтастығы, идеяның бірлігі осы күнге дейін жалғасын тауып келе жатыр, – деді Гүлмира Әшірбекова. Túrkistan газетінің жинағы болашақта қазақ баспасөзін зерттеушілер үшін таптырмас көмекші құрал. Елдік сипаты жағынан өзіндік бағыты анық қалыптасқан, қазақ баспасөзінде орны бар басылым Тәуелсіздік жылдарының әрбір елеулі оқиғасын назардан тыс қалдырған емес. Қазір газет заманауи оқырман талабына бейімделіп, ақпаратты жеткізудің жаңа үлгісіне көшіп, мультимедиалық құралдары еркін пайдаланып отыр.
Ұқсас жаңалықтар