Елордада «Туған өлкем» атты көрме ашылды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордада «Туған өлкем» атты көрме ашылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112456017210608.webp)
«Туған өлкем» көрмесі балалар шығармашылығы мен қосымша білім беру ұйымдарын қолдау бойынша республикалық бағдарлама аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға суретшілер мен өнертанушылар, БКМ мен астанадағы өнер, музыка мектептерінің жетекшілігі, оқытушылары мен оқушылары, Білім беруді жаңғырту орталығы мен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өкілдері қатысты.
Көрмеге әртүрлі техникада орындалған мектеп түлектерінің 50-ден астам жұмысы қойылды.
"Жас суретшілеріміз бен қадірлі қонақтарымызбен «Туған өлкем» көрмесінде қауышуға ризамын! «Туған өлкем» республикалық бағдарламасының аясында Елбасы кітапханасы мен Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының өткізетін көрмелері биыл үшінші рет ұйымдастырылып жатыр. Бұл ретте жобаның ашылу салтанаты Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Көрмеге қатысқан 15-16 жасар суретшілер тәуелсіздік дәуірінде дүниеге келген. Олардың балалық шағы, өмірі мен шығармашылығы егемегендігімізден сусындайтыны хақ. Бүгінде қалың жұрттың назарына ұсынулы тұрған жастардың жұмыстары – тәуелсіздіктің жемісі. Атаулы көрме жастықтың, қайраттың, әсемдіктің үндестігін бейнелейді", - деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында орындалған «Туған өлкем» республикалық бағдарламасы жас таланттарды анықтауға және республиканың қосымша білім беру ұйымдарының жұмысын насихаттауға бағытталды. Бағдарлама 2018 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде Елбасы кітапханасының алаңында Семей, Шымкент, Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Шахтинск және Көкшетау мектептері түлектерінің дипломдық жұмыстарының көрмелері ұсынылған еді.
"Біз үшін, суретшілер қауымы үшін халық үмітін толық ақтай алатын дарынды, парасатты буынның бой көтеріп келе жатқанын көру – үлкен қуаныш. Көрменің ерекшелігі ұсынылған жұмыстардың қашықтан орындалғанына негізделеді. Бұл үрдістің оқытушыларға да, оқушыларға да оңайға соқпағаны анық. Дегенмен де туындылардың деңгейі биіктігін жоғалтпай, келушілердің көзайымына айналып отыр. Кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы өнер – бәрі де көздің жауын алады. Қиын-қыстау кезеңде бұл сұлулықты тамашалау мүмкіндігін берген ұйымдастырушыларға алғысымыз зор", - деді Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағы басқармасының мүшесі, суретші, өнертанушы Динара Нөгер.
Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы 1983 жылы құрылған. Осы жылдар аралығында мектеп өзіндік дәстүрлерді қалыптастырып, көркемдік білім беру саласында педагогикалық жұмыс тәжірибесін жинақтады.
Мектеп қоржыны алыс және жақын шетелдерде өткен балалар мен жасөспірімдер конкурстарының дипломдары мен грамоталарына бай. 2008 жылы мектепке ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясымен ЮНЕСКО клубы мәртебесі берілді. 2017 жылы қала әкімінің грантына өткізілген қалалық байқаудың қорытындысы бойынша мектеп «Үздік қосымша білім беру ұйымы» болып танылды.
"Мектебіміз бен оқытушыларымызға айтылып жатқан мақтауды естіп қуанып жатырмын. Бізге уақыты мен көңілін бөлген жандарға ризашылығымды білдіремін. Қолдау танытып жатқан Елбасы кітапханасына да алғысым мол. Бұл мекемемен мазмұнды, ірі шараларды көптен бері ұйымдастырып келеміз. Сондықтан да кітапхананың басшылығы мен қызметкерлеріне рақметімді айтамын. Түлектерді де, оларға үміт пен сенім артқан оқытушыларды да көптен күткен тұсаукесер салтанатымен құттықтаймын", - деді Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы директорының орынбасары Әлия Өтепова.
Көрмеге жұмыстарын ұсынған авторлар туындылардың тарихынан сыр шертті:
– «Астана ақшамын» салуыма терезем себепші болды. Жаз бойы күннің батуын бақылап, аспандағы түстердің жұмсақтығы мен қоюлығына, сан алуандығына тәнті болдым. Нәтижесінде он тоғызыншы ғасырдағы француз суретшілерінің қолтаңбасымен қазіргі заманның қаласын бейнелей бастадым. Бояулардың көмегімен еңселі ғимараттарымыздың сұңғақтығы мен рухын әлем назарына ұсынғым келді, - дейді Руслан Шегай.
– Демалыстардың бірінде туысқандарыма жол тартып, ауылда демалып қайтқан болатынмын. Ол жердің сұлулығына сүйсініп, табиғаттың көрінісін есте сақтап қалғым келді. Сондықтан да асқар тауларды, даланың тынысын, жергілікті халықтың тұрмысын суреттеу арқылы балалардың қоршаған ортаға деген махаббатым бейнелемек болдым, - дейді Мирас Мәдиев.
Көрме 2021 жылдың 25 ақпанына дейін жалғасады.