Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы: «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленеді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы: «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленеді
ашық дереккөз

"Тағы бір өзекті мәселе – экология саласы. Бұл – халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін өте маңызды сала. Бірақ біздегі ахуал ойдағыдай деп айтуға болмайды. Сауалнама кезінде азаматтарымыздың 48 пайызы ғана экологиялық жағдайға көңіліміз толады деп жауап берген. Осыған орай, жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Бұл – жұртшылықтың талап-тілегін ескеріп дайындалған жүйелі әрі кешенді құжат. Сондай-ақ кодекс озық халықаралық стандарттарға сай келеді", - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға арналған тиімді бағдарламаларды жүзеге асырған жағдайда кәсіпорындар өндірістік қалдық үшін алынатын төлемнен босатылатынын атап өтті. "Үкімет және қоғам осы жұмыстың уақтылы және сапалы атқарылуын қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Сонымен қатар менің тапсырмаммен 2 миллиард түп ағаш отырғызылады. Бұл азаматтарымыздың тарапынан кең қолдау тапқан бастама болды. Жалпы, бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. Қоршаған ортаға ешқандай оң әсері жоқ, қаражатты құр игеруді көздейтін жасанды шараларға жол бермеу қажет. Сондықтан ағаш отырғызуға лайықты орындарды анықтау үшін ғалымдармен және жұртшылықпен бірлесіп, кәсіби талдау жүргізген жөн. Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырамын. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау ісіне қажетті барлық көрсеткіштерді цифрландыру – маңызды міндеттердің бірі", - деді Қ.Тоқаев.