Мағзұм Мырзағалиев трансшекаралық өзендерге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Мағзұм Мырзағалиев трансшекаралық өзендерге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211245939090172.webp)
Сонымен қатар ол осы сала бойынша Өзбекстанмен арадағы әріптестік туралы айтты. "Былтыр өзбекстандық әріптестерімізбен су қатынастары саласындағы әріптестік туралы Жол картасына қол қойылды. Бұл барлық проблемалық сұрақ пен оның шешілу мерзімін қамтиды. 1991 жылдан кейін салынып, жаңғыртылған су шаруашылығы құрылыстарының бәрін аралап көрдік. Бұл – бұрын су балансында ескерілмей қалған қоймаларды анықтау үшін жасалған жұмыс. Айталық, Сардоба қу қоймасының құрылысы бізбен келісілмей, оның қолданылуының қауіпсіздігі тек өзбек тарапының құзырында болды. Қойманың қирауы біздің Өзбекстан Республикасымен ара қатынасымыздағы күрт «бұрылысқа» алып келді. Өзбек тарапымен мұндай жағдайлардың болмауына тек бірлескен іс-қимыл арқылы ғана қол жеткізуге болады деген ортақ түсінікке келдік. Қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және пайдалану туралы үкіметаралық келісім бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Құжат 95 пайызға бекітіліп, осы мәселені соңына дейін жеткізуге ниеттіміз", - деді ол. Сондай-ақ министр Қырғызстанмен 2000 жылдан бері мемлекетаралық қолданыстағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы Үкіметаралық келісім жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. "Қырғыз ағайындармен бізді Шу мен Талас өзендері біріктіреді. Бұл бағытта 2000 жылдан бері мемлекетаралық қолданыстағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы Үкіметаралық келісім жұмыс істеп келеді. Соңғы жылдары тиісті су көлемінің 60-70 пайызын ғана алып отырмыз. Сол себепті Бішкектегі әріптестерімізбен жиі кездесіп, вегетациялық кезеңде су нысандарында тәулік бойына кезекшілік қоямыз. Қазақстанға, әсіресе Шу өзені бассейнінде орналасқан мемлекетаралық каналдарға су беру мәселесі дұрысталады деп үміттенеміз", - министр. Оның айтуынша, су дипломатиясы бағытында жұмыс күшейіп, белсенді түрде жалғасады. "Қазақстан мен Ресей арасындағы су қатынастары 2010 жылы қол қойылған Трансшекаралық су нысандарын бірге пайдалану және қорғау туралы келісіммен реттелетінін айта кету керек. Бұл орайда соңғы жылдары суы азайып бара жатқан Жайық өзенінің экологиялық жағдайы алаңдатады. Мемлекет басшыларының Омбыдағы Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық форумында берген тапсырмасына сәйкес, Жайық пен Ертіс өзендерін сауықтырудың бірлескен бағдарламасы дайындалып, қабылданды. Бұған дейін атап өткендей, Қазақстан мен Ресей арасындағы трансшекаралық өзендерге гидрологиялық зерттеу жүргізу бойынша Жол картасы қабылданды. Соның негізінде Жайық өзенінің гидрологиялық режімін зерттеу шаралары қарастырылған. Осы ретте өзен ағынының 90 пайызы Ресей Федерациясы аумағында қалыптасатынын айта кеткен жөн. Сонымен қатар өзендегі судың деңгейі су тасқыны кезеңінде түсетін су көлеміне де тәуелді. Бірлескен жұмыстың нәтижесі өзеннің жоғарғы сағасындағы су қоймаларының пайдалануға берілуі мен Жайық өзенінің негізгі ағындары мен арнадағы тасқын кезеңіндегі «шарықтау шегін» біріктіру болмақ. Сонымен қоса Батыс Қазақстандағы Қараөзен мен Сарыөзеннің жағдайы алаңдаушылық туғызады. Бұл мәселені ресейлік әріптестерімізге жеткіздік. Нәтижесінде, өзендердің су шаруашылығы балансын есептеудің бірыңғай әдісін жасауға келістік. Бұл гидрологиялық режімнің проблемаларын анықтауға және олардың жағдайын жақсартудың бірлескен шараларын қабылдауға септігін тигізеді. Қазір жоғарыда орналасқан өзендерден судың келуін бізге қажет уақытта реттеу келісіміне қол жеткізуде қандай кедергілер бар екенін жіті зерттеуіміз керек. Сондықтан су дипломатиясы бағытында жұмыс күшейіп, белсенді түрде жалғасады", - деді М.Мырзағалиев.