Мәжіліс «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңнамалық түзетулерді мақұлдады
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Мәжіліс «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңнамалық түзетулерді мақұлдады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112466648069016.webp)
Отырыс барысында Палатаның комитеттері бірнеше жаңа жобаларын жұмысқа алды. Олар: «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» және «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңдар және оларға ілеспе түзетулерімен, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары бар. Сонымен қатар, отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасының негізгі нормалары басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар халықаралық шарттарды жасау кезінде алған өз міндеттемелерін бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының осы халықаралық шарттарды орындауды тоқтата тұру немесе қолданысын тоқтату түрінде қарымта шаралар (қарсы шаралар) қабылдауына, ратификацияланған халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының заңдарынан басымдығын белгілеуге және халықаралық шарттарды орындауды тоқтата тұру немесе қолданысын тоқтату туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің сайтында жариялауға бағытталған. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар күшіне енген, сондай-ақ уақытша қолданылатын халықаралық шарттар туралы ақпаратты Сыртқы істер министрлігінің интернет-ресурсында жариялау бойынша да түзетулер енгізді. Жалпы отырыста депутаттар Қазақстан мен Корея арасындағы сотталған адамдарды беру туралы ратификациялық заң жобасын мақұлдады. Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Жамалов, Ж.Сүлейменова, Б.Дүйсенбинов, Д.Еспаева, А.Паяев, А.Сқақова, А.Перуашев, С.Абдрахманов.