«Астана Опера» әртістері осы театр маусымында марапат қоржынын 28 жеңіспен толықтырды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Астана Опера» әртістері осы театр маусымында марапат қоржынын 28 жеңіспен толықтырды
ашық дереккөз

- Әртістің шетелдегі әрбір өнер көрсетуі – халықаралық аренада театрымызды паш ету мүмкіндігі. Пандемия кезінде байқаулардың бір бөлігі онлайн-режимде өткені белгілі, музыканттар өздерінің өнер көрсету жазбаларын жолдап, халықаралық қазылар мүшелерінің бағасынан кейін жүлделі орындарға ие болды, алайда өнер көрсетулердің басым бөлігі дәстүрлі түрде өтіп, қазылар алқасы әртістердің шеберлігін өз көздерімен бағалай алды. Әлбетте, мазмұнды театрлық өмірді байқауларға қатысумен қатар алып жүру оңай емес, дегенмен, солистеріміздің жыл сайын жоғары кәсіби деңгейлерін растап жатқандығы қуантарлық жайт. Театр маусымының екінші жартысы да жемісті болып, классикалық өнерсүйер қауымды труппа әртістерінің жарқын жеңістері туралы жақсы жаңалықтармен қуантамыз деген үміттемін, - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.

Осылайша, оркестр музыканттары Дамиля Махпирова (гобой), Алексей Косырев (флейта), Алмас Тоқпанов (кларнет), Әсет Нелдібаев (фагот), Марат Қонысбаев (валторна) «Бессарабия дарындары» халықаралық фестивалінде (Белгород қ.), «Поволжьенің күміс кернейлері» 24-ші фестивалінде, сонымен қатар «Golden star» (Одесса қ., Украина) халықаралық байқауында бірінші жүлделерді алды. Әйгерім Дәуітбаева (флейта) «Мұра» І халықаралық орындаушылар байқауында (Прага қ., Чехия) Гран-при иеленді. Оркестр музыканттары Әйгерім Дәуітбаева, Мақсат Сүлейменов, Ерболат Тәшкенбаев «Дарындардың жаңа жылдық калейдоскопы» (Мәскеу қ., Ресей) халықаралық көпжанрлы байқауында театрға Гран-при әкелді. Назаров Шернияз (фагот) Должиков атындағы ІХ халықаралық фестиваль-байқауы мен Халилов атындағы «Воронеж үрлемелі аспаптар ассамблеялары» халықаралық фестивалінде (Воронеж қ., Ресей) бірінші орын иеленді. Әсет Нелдібаев (фагот) «Camerton competition» халықаралық байқауында (Мәскеу қ., Ресей) бірінші орын алды. Тромбоншы Фархад Болатов П.И.Чайковский атындағы ММК, «Grand Music Art» VIII халықаралық байқауы мен П.И.Чайковский атындағы ММК, Р.М.Глиэр атындағы IV халықаралық музыкалық байқауында (Мәскеу қ., Ресей) I дәрежелі лауреат атанды. Төрт Гран-при иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, балет труппасының жетекші солисі Бақтияр Адамжан «Dance Open» халықаралық балет фестивалінде (Санкт-Петербор қ., Ресей) Үлкен театрдың солисі Анастасия Сташкевичпен керемет дуэт орындады. Әлемдегі ірі балет фестивальдерінің түгел дерлігі Бақтияр Адамжанның қатысуынсыз өтпейтіндігін айта кеткен жөн. Сондай-ақ басқа да көптеген әртістер түрлі халықаралық байқауларда жүлделі орындарды иеленді. Олардың барлығы мұндай жеңістің жаңа мақсаттарға қол жеткізуге ынталандыратынын, сондай-ақ құрамында танымал музыкалық халықаралық агенттіктер мен опера үйлерінің өкілдері бар кәсіби әділ-қазылардан шарт бойынша шақырту алуға тамаша мүмкіндік беретіндігін баса айтты.