Ұлттық музейде «Далалық Еуразия төсіндегі Сарыарқа мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ұлттық музейде «Далалық Еуразия төсіндегі Сарыарқа мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті
ашық дереккөз

Кітапта Сарыарқаның батыс бөлігінде орналасқан Саба қорымындағы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде алынған қола дәуірінен халықтардың ұлы қоныс аударуына дейінгі тұрғындардың сәулеті, жерлеу салты, дүниетанымы, қару-жарағы, мәдениеті мен шаруашылығы туралы жаңа мәліметтер берілген. Сонымен қатар Сарыарқаның бірегей тарихи және мәдени ескерткіштерінің ЗD-үлгілері мен векторлық карталары дайындалып, кітапқа енгізілген. Сондай-ақ, монографияда Сарыарқа аумағында жүргізілген далалық этнографиялық және музыкалық-фольклорлық экспедициялар барысында алынған материалдық емес мәдени мұралар бойынша жаңа нәтижелер берілген. Қазақтардың музыкалық-фольклорлық мұрасын зерттеу барысында жазылып алынған 310 халық шығармасы (ән, күй, эпос, жарапазан, жоқтау, сыңсу, қара өлең, бәдік өлең), материалдық емес мәдени мұраның 40 мұрагері туралы мәліметтер мен 55 ұлттық тағам түрінің рецептурасы жарияланған. Музейдің тағы бір өзекті зерттеу бағыты тарихи жер-су атауларын қалпына келтіру болып табылады. Кітапта архив материалдарына негізделген Ақмола облысының елді мекендерінің тарихи атаулары ұсынылған. Қазіргі таңда Ақмола облыстық ономастикалық комиссиясына 45 елді мекеннің тарихи атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстар беріліп отыр. Шара аясында аталмыш еңбектің авторлары өздерінің жүргізген зерттеулеріне баяндама жасап, кейін арнайы қатысушы мамандар арасында талқылау жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Сапаров, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Марал Хабдуллина, күйші, музыкатанушы, профессор Жанғали Жүзбай және т.б. белгілі мамандар монграфиядағы маңызды мәселелерге қатысты өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарымен бөлісті. Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев еңбектің жарық көруіне атсалысқан барлық мамандарға өз ризашылығын білдіріп, өскелең ұрпақты тәрбиелеу кезінде тарихи сананың қалыптасуына зор ықпалын тигізетін бірден-бір туынды екенін атап өтті. Сонымен қатар, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, өкпесүт, үлпершек басқа да ұмыт болып бара жатқан ұлт тағамдарын қайта жаңғырту мақсатында, еңбекте 50-ден астам түрін сипаттаумен қатар, дайындалу мәзірі туралы ақпарат берген этнограф, Қазақстан Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының Материалдық емес мұралар бөлімінің жетекшісі Әйгерім Мұсағажинованың атқарған жұмысына өзінің жоғары бағасын берді. Сондай-ақ, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов топонимикалық зерттеулердің маңыздылығына тоқталып, Ұлттық музей жанынан топонимикалық зерттеулер жүргізетін ғылыми орталық ашу туралы өз ұсынысын білдірді. Шара соңында «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының басшысы Ақан Оңғар барлық қатысушыларға алғысын айтып, аталған зерттеу жұмыстарының алдағы уақытта да өз жалғасын табатындығын жеткізді.