Тоқаев азаматтық қоғамды дамытуға баса назар аударды - Дәурен Пірімбет

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Тоқаев азаматтық қоғамды дамытуға баса назар аударды - Дәурен Пірімбет
ашық дереккөз

«Президент жаңадан сайланған халық қалаулыларына өзінің үндеуі арқылы көптеген мәселенің түйінін шешу керектігін айтып, босаңсуға уақыт жоқ екенін меңзеді. Бірінші мәселе - құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамды дамыту. Оның басты қағидасы - заң үстемдігі. Негізі заңды қабылдау бір бөлек, оны орындау және сақтау екінші мәселе. Осы тұста әділіктің соңғы инстанциясы сот төрелігі болу қажет. Бүгін сот жүйесін модернизациялау қарқынды жүріп жатыр. Бірақ әлі де толық ашықтық әрі әділдік принциптеріне жауап бермейді. Бұл жұмысты әрі қарай жандандыру керек екенін баса айтты. Азаматтық қоғамның басты көрсеткіші - адам капиталы мен тәуелсіз саяси институттар. Шынайы бәсекелестік бар жерде ғана экономикалық әрі саяси жаңғыру болатыны ақиқат. Барлық салада мемлекеттік монополиядан арылып, қоғамдық бастамаларға басты назар аудару керектігі айтылды. Саяси партияларды тіркеудегі қосымша бюрократияның азаюы, онлайн-петицияны заңдастыру, бастапқыда жергілікті әкімдерді сайлап, келешекте барлық әкімді сайлау, жалпы сайлау жүйесіне, заңнамасына түбегейлі өзгерістер енгізу азаматтардың саяси мәдениеті және белсенділігіне оң әсер ететіні айқын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау бюллетендеріне «сайлауға қарсымын/барлығына қарсымын» графасын енгізу ұсынысы сайлауға қатыспаған 4 миллионға жуық сайлаушының да пікірін білуге көп септігін тигізер еді. ХХІ ғасырда адам капиталы басты орынға шықты. Денсаулығы мықты, білімді һәм ілімді азаматтар ғана мемелекетіміздің берік тірегі. Білім саласы, денсаулық сақтау саласы ұлттық қауіпсіздіктің негізі ретінде қашанда мемелекеттің басты назарында болуы қажет деп тапсырылды. Жалпы, барлық салада артта қалған жақтарды жетілдіру үшін жұмыс өте көп. Барлық деңгейдегі су жаңа депутаттардан халықтың үміті зор. Үмітімізді ақтап, ел үшін адал еңбек етуін тілейік», - деді ол.