Ерлан Каналимов Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы болып сайланды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Ерлан Каналимов Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы болып сайланды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211249231073942.webp)
Елорда мәслихатының депутаттары VII сайланымның кезекті сессиясы кезінде мәслихат хатшылығына «Nur Otan» партиясының елорда филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Каналимовтің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Депутаттардың зор сеніміне ризашылығын білдірген Ерлан Каналимов елорданы дамыту жолында маңызды шешімдер қабылдау бойынша мәслихат алдында үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті. «Бүгін – Нұр-Сұлтан қаласы үшін тарихи күн. VII шақырылымның жаңадан сайланған депутаттарының қатысуымен алғашқы сессия өтіп жатыр. Елорда мәслихатының депутаттарына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Еліміздің бас қаласына қарай отырып, республиканың өзге де қалалары даму бағытын ұстанады. Пандемияның экономикаға жасаған соққысын ескере отырып, қаланы дамытудың жаңа деңгейіне өту керек. Оның үстіне биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Біздің міндетіміз – күшейтілген режимде жұмыс істеп, 30 жыл ішінде жеткен жетістіктерімізді одан әрі еселеуіміз керек», - деді Е.Каналимов.