Президент: Қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануы тиіс
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Президент: Қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануы тиіс](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112498823943458.webp)
Өткен шақырылымның депутаттарына ойдағыдай қызмет атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Бес жылға жуық уақытта Парламент қабырғасында 410 заң қабылданды. Депутаттар өздерінің заңға бастамашылық ету құқығын пайдаланып, 60-қа жуық заң жобасын дайындады. *** Жаңа депутаттар алдыңғы әріптестерінің осы қарқынын сақтай отырып, анағұрлым жемісті жұмыс істеуі қажет. Себебі, бәрімізді зор міндеттер мен ауқымды істер күтіп тұр. *** Біз қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі межесіне қадам бастық. Сондай-ақ қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмі ширек ғасырлық белеске жетті. Осы тарихи кезеңде сенім мандатына ие болған депутаттар ел үмітін ақтап, Отанымызға адал қызмет етеді деп сенемін. *** Біз ғана емес, күллі дүние жүзі мүлде жаңа дәуірге бет бұрды. Өркениеттің даму жолы мен әлемдік құрылымның түп негізі түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Алдымызда сынақтар мен сын-қатерлер аз болмайды. Дегенмен барлығымыздың ең басты міндетіміз – пандемияның салдарын еңсеру. *** «ХХІ ғасырдың 21 жылы барша адамзат үшін бетбұрыс кезеңіне айналмақ. Бұл жыл алдағы онжылдықтың басты бағдарын айқындайды. Мұндай күрделі жағдайда уақыттан ұтылуға және бір сәтке де босаңсуға болмайды. *** Реформаларды сапалы заңдар арқылы жүргізу – ұзақ мерзімді жетістікке жетудің басты шарты. Мен жаңарған депутаттық корпус өзіне жүктелген бұл міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін. *** Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес. Бұл – аксиома, ақиқат. Осы орайда, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсу үшін реформаны соңына дейін жеткізуіміз керек. *** Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Сондықтан, сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал. *** Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді-мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді. *** Өткен сайлау саяси бәсекені арттыруға оң ықпал етті. Мәжіліс пен мәслихаттарға білікті, абыройлы адамдар келді. Бұған партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота белгілеу арқылы қол жеткіздік. *** Парламенттік оппозиция институты шағын саяси күштердің рөлін айтарлықтай күшейтеді. Осылайша, еліміздегі көппартиялықты дамытуға және парламентаризмді нығайтуға едәуір серпін бердік. *** Тағы бір маңызды қадам – ауыл әкімдерін сайлау. Биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтеді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе. *** Кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген, білімді, білікті азаматтар бар. *** Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуға тиіс көптеген өзекті мәселелерді дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді. *** Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5% төмендетуіміз керек. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. *** Болашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматта жасауға болады. Осы мақсатта электрондық үкіметтің мүмкіндіктерін пайдаланған абзал. *** Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде ресімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда «Жастардың даму индексін» енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады. *** Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. *** Бізде омбудсмен институты бар. Бірақ, ол әзірге өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отыр. Сондықтан, жақын арада Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдауымыз керек. *** Сонымен қатар біз бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн. *** Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек. *** Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек. *** Депутаттар әрдайым қоғам тынысын аңғарып, тамырын дөп баса білгені жөн. Парламент – ел мүддесі үшін тер төгіп, аянбай қызмет істейтін қайнаған жұмыстың ортасы. Халқымыз бізден оң өзгерістер күтетінін әрдайым есте ұстаған абзал. ***