Отандық анимация өндірісі жаңа киностудиямен толықты
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Отандық анимация өндірісі жаңа киностудиямен толықты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112498149861022.webp)
Іс-шара барысында қазақ анимациясына өз үлесін қосып, балаларға қазақтың әдет-ғұрпын дәріптеу арқылы оларды ұлтжанды, елін-жерін сүйетін отаншыл етіп тәрбиелеуге атсалысуды көздейтін жаңа киностудияның жұмысы таныстырылды. Ашылу салтанатына қоғам қайраткерлері, мәдениет саласы және БАҚ өкілдері қатысты. Жастардан құралған шығармашылық ұжым бұған дейін «Anyz film» қатарында жүріп көрермендерге «Ырысты ыдыстар» анимациялық телехикаясын ұсынған болатын. Студия командасы толық қатысқан бұл анимациялық сериал халықаралық ÁMEN Animation film festival байқауында «Үздік мультхикая» болып таңдалды. Шығармашылық ұжым қызметкерлері қазақ киноиндустриясына жаңа серпін беруді мақсат етеді. Арнайы курс ашып, креативті идеясын жетілдіргісі келетін жастарға анимацияның қыр-сырын үйретеді. Ұжымның анимация жанрында кәсіби шебер ретінде шыңдалған 15 маманы осыған дейін түрлі деңгейде жеңімпаз атанған шығармашылық топта қызмет еткен. Сондай-ақ олар – он жылдан астам осы сала тенденцияларын үздіксіз зерттеп, үйренген мамандар. Барлығы да анимациялық фильм индустриясына қажет техниканы жоғары деңгейде меңгерген. Сондықтан «QuantFilm» киностудиясы техникалық мүмкіндіктерінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Студияның базалық курс ашып, маман санын арттыруға мүмкіндігі мол. Әлемдегі әр бесінші турист барар жерін кино немесе мультфильм тамашалау арқылы таңдайды екен. Мәселен, Норвегияның табиғи көрікті жерлері «Суық жүрек» мультфильмінде көрсетіледі. Картинаның танымалдылығы мемлекеттік жобаларға қарағанда туристерді тартудың тиімді құралы болған. Норвегияда Фьорданың басқарушы директоры Кристиан Юргеннің айтуынша, Тролтунга табиғатын көруге келетін туристердің саны шексіз. Жылына мың адамнан келетін аймаққа қазір жүз мыңнан аса турист барады. «Микки Маустың» танымалдылығының ізін «Том мен Джерии» басқаны мәлім. Сол секілді студия отандық анимациядағы бәсеке қарқынын арттырмақ. Жүйеге берер жаңалығы да әзір. Қазақстандық студияларда бұған дейін шығармашылық ұжым бір режиссермен жұмыс істейтін. «QuantFilm» киностудиясының директоры Талас Оразбайұлының айтуынша, олар команданың жасампаздық мүмкіндігін бір адамның потенциалымен шектемейді. Процесс барысында бірнеше адамның креативті қырын ашуға мүмкіндік береді. Еркін атмосфералы ұжым цензурадан азат әрекет етуді ниет етіп отыр.