Елордада психикалық аурулардың алдын алу жөнінде онлайн дәріс өтті
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордада психикалық аурулардың алдын алу жөнінде онлайн дәріс өтті](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112751646261231.webp)
Онлайн дәрісте клиникалық, балалар психологы Жанна Сафиуллина, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының психотерапевті Рашид Азизов сынды тәжірибелі мамандар күйзеліс, үрей, эмоцияға берілу, суицид жасауға оқталу сияқты коронавирус пандемиясы кезінде тап болған тұрғындардың жағдайына қатысты сұрақтарға жауап беріп, қиындықтан қалай арылу керектігі жөнінде кеңес берді. «Ата-аналар балаларының қорғаны болғандықтан, қазіргі пандемия кезінде ең алдымен ересектердің өздері психологиялық ауыр жағдайға тап болмауды ойлауы керек. Пандемияға дейін қалай өмір сүрсек, қазір де сол үрдістен жаңылмауға тырысу керек. Мысалы, бұрынғыдай емес, көпшіліктің жұмысы мен балалардың сабағы қашықтан болғандықтан, ата-аналар мен балалар уақытты көбіне үйде бірге өткізеді. Сол кезде де бұрынғы дәстүрден ауытқымауға тырысып, жақсы қарым-қатынас орнатып, қажет кезде оқшауланып та тұру керек. Әсіресе өтпелі кезеңдегі жасөспірімдерге замандастарымен сөйлеспей, олармен бірге ойнамау өте қиын. Ондай жағдайда қауіпсіздікті де ойлап, бірақ мейлінше далада ойнауына мұрсат берген дұрыс», – деді клиникалық, балалар психологы Жанна Сафиуллина. Сондай-ақ, дәріс аясында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Medsupportkz бірлесіп жүзеге асыратын халыққа психологиялық көмек көрсету бойынша жаңа жоба таныстырылды. Айта кетсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қолдауымен «Медициналық журналистика мектебі» аясында апта сайын клиникалық дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласы өкілдерінің қатысуымен дәріс өтеді.