«Астана Опера» көрермендер назарына ғаламат Гала-балет ұсынады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Астана Опера» көрермендер назарына ғаламат Гала-балет ұсынады
ашық дереккөз

Мазмұнды бағдарлама аясында театрдың Үлкен залы сахнасында балет солистері Серік Нақыспеков пен Далер Запаровтың дебюттері орын алады, олар Мариус Петипаның хореографиясындағы Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де және Э.Дельдевез, Л.Минкустың «Пахита» балетінен гран-па атақты нөмірлерінде өнер көрсетеді. Бұл күні Серік Нақыспеков көпшілік алдында алғаш рет Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де орындайды. Оның серіктесі – балет солисі Шұғыла Әдепхан. - Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де әлем бойынша балетсүйер қауым арасында үлкен атаққа ие болды, ол барлық халықаралық балет байқауларының бағдарламасына және көптеген әлемдік балет труппаларының репертуарына енген. Осынау нөмірдің тамаша сюжеті бойынша алдымызда ежелгі Үндістанның тылсым әлемі ашылады – менің орындауымдағы жел құдайы Вайю аспан рухтары әміршісінің қызы Ниритимен бірге билейді. М.Петипа мен П.Гусевтің хореографиясы айрықша шеберлігімен әрі мәнерлігімен өзгешеленеді, біздің орындауымыздағы осы классикалық жауһардың интерпретациясы елордалық көрерменнің көңілінен шығады деген үміттемін, - деп бөлісті Серік Нақыспеков. Далер Запаров Э.Дельдевез, Л.Минкустың «Пахита» балетінен гран-памен дебют жасайды, сонымен бірге жас балет әртістері София Әділханова, Нұрай Нұрсафина, Евгений Рыбкин, Диас Құрманғазы, Рустам Чахалов осы нөмірде алғаш рет сахна төріне шығады. Далер Запаровпен жұптасып театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова өнер көрсетеді. Сәнді де мерекелік гран-па балет кейіпкерлерінің салтанатты үйлену тойын көрсетеді. Ол бөлшектердің молдығы, нақыш, испандық темперамент және вариациялардың сан алуандығымен өзгешеленеді. Әлемдік балет жұлдыздарының талай өкілдері аталмыш нөмірде жарқырай өнер көрсеткен. Солистер асқақ классикалық билерді орындаудың техникасына, асқан шеберлікке, таза әрі дәл орындау қабілетіне ие болуы керек. - Гала-балетте мен Р.Ребектің хореографиясындағы «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінен дуэт орындаймын, сондай-ақ Э.Дельдевез, Л.Минкустың «Пахита» балетінен гран-памен дебют жасаймын. Менің пікірімше, мейлі алғашқы, премьералық орындау немесе репертуарлық спектакль болсын, әрқашан барлық өнер көрсетулер өзінше ерекше. Қай партия болсын, сахнаға шыққан сайын әртіс ретінде мен орындалатын бейненің жаңа қырларын, тың дүниелер ашамын. Дайындық жақсы өтті, өзіміздің аты аңызға айналған шеберлеріміз Алтынай Абдуахимқызы Асылмұратова және Константин Евгеньевич Заклинскиймен жұмыс жасадық. Аталған Гала-балетте сахнаға шығу мен үшін өте маңызды, сондықтан эмоционалдық жағынан күш-қуатым артып, жаңа жылды сүйікті сахнамда жақсылықпен бастауға құштарлығым зор, басқаша айтқанда, жаңа 2021 жылға керемет көңіл-күймен әрі жұртшылық үшін: интернет көрермендеріміз үшін де, спектакльге келушілер үшін де оң серпіліспен қадам басқым келеді. Бүгінгі күні көрермендеріміз көп болмаса да, бірақ біз қашан да театрсүйер қауымның залымызда аздаған саны болса да, көруге қуаныштымыз. Алдағы уақытта жағдай реттеліп, толық зал жинап, барша жұртшылықты қуанта аламыз деген үміттеміз, - деп атап өтті Далер Запаров. Классикалық би өнері елорда тұрғындары мен қонақтарына «Астана Опера» театрының жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Еркін Рахматуллаев, Олжас Тарланов, балет труппасының солисі Анастасия Заклинская, балет әртістері Марико Китамура, Мөлдір Шәкімова, Аделина Төлепова, Жәнібек Ахмедиев, Жансерік Ахметов, Бостан Қожабековтің орындауында ұсынылатын болады. «Астана Опера» симфониялық оркестрі дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен өнер көрсетеді. Екі бөлімнен тұратын алуан түрлі бағдарламаға театр репертуарындағы классикалық, неоклассикалық және заманауи қойылымдардың үзінділері енді: Ж.Коралли мен Ж.Перроның хореографиясындағы А.Аданның «Жизель» балетінен па-де-де, Л.Минкустың «Баядерка» балетінен үнді биі, М.Петипаның хореографиясындағы П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен па-де-де және т.б. Сондай-ақ бұл кеште Патрик де Бананың хореографиясындағы «Дала үні» балетінен дуэт орындалатын болады. Еске салар болсақ, осынау ұлттық балеттің әлемдік премьерасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен желтоқсан айында елордалық көрерменге зор жетістікпен ұсынылған еді. Басталуы сағат 17.00-де.