Нұр-Сұлтандағы сайлаушылардың белсенділігі жоғары болды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Нұр-Сұлтандағы сайлаушылардың белсенділігі жоғары болды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112758627853852.webp)
Сайлау кезінде қалада сайлау учаскелеріндегі халықтың белсенділігі жоғары болды. Мәселен, Ұлттық кітапханада орналасқан №111 сайлау учаскесінің жұмысы басталмас бұрын таңғы сағат 6-ларда ертерек келіп, дауыс беруге ниет танытқандар учаскенің ашылуын күтіп, есік алдында жиналып тұрды. Сағат 7-де сайлау басталған кезде Сайлау учаскесінің комиссиясы пандемияға байланысты санитарлық талаптарды сақтауға мәжбүр болғандықтан жиналып қалған адамдарды бірден жаппай кіргізбей, топ-тобымен бөліп кіргізіп, қалғандарын сыртта ұстауға мәжбүр болды. Бұған азаматтардың барлығы түсіністікпен қарады. Сайлау учаскесіне кіргеннен кейін оларды кезекте бір-бірін ұзақ күтіп қалмауы үшін тегі бойынша шақыру да дауыс беру процесін жеделдетуге ықпал етті. Сондай-ақ санитарлық нормалардың бәрі қатаң сақталды. Әр учаскеде үш сағат сайын санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Барлық жерде санитайзер, антисептиктер қойылған. Медицина мамандары келушілердің қолдарына антисептик сеуіп, дене қызуын өлшеп тұр. Тәртіп сақшылары да өз қызметтерін ойдағыдай атқарып жатыр. Бас санитар дәрігердің нұсқаулығына сәйкес сайлауға барлық қатысушылар мен ұйымдастырушылар маска тағып келген. Бұл ретте учаскелерде маскалық режимнің сақталуы қатаң қадағаланып отыр. Арасында маскасы жоқ адамдарға тегін маска таратқан еріктілер де болды. Сайлау учаскесінің жұмысында да талаптар жақсы сақталған. Учаскелік комиссия мүшелері 11 адам, бақылаушылар 10 адам арнайы әйнекпен бөлінген орында отыр. Сайлаушылар қатарының көптігін бақылаушылардың өздері де атап өтті. Сайлаушылар белсенділігін жоғары деп айтуға аталған учаскеде тізім бойынша дауыс беретін азаматтардың жартысына жуығы, яғни мың жарымға жуық адам түскі 13.00-ге дейін дауыс беріп үлгергендігі де негіз болады. Ал қала бойынша барлық сайлау учаскелерін аралап жүрген халықаралық бақылаушы, ТМД Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің бас хатшысы Дмитрий Кобицкий бұл сайлаудың ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға беріп, оның өту барысында өрескел заң бұзушылықтар жоқ екенін айтты. Сайлаушылар арасында биыл 10 қаңтарға дейін 18 жасқа толып, алғаш рет сайлау құқығына ие болған жас азаматтар да көп. Солардың бірі - елордалық Сандуғаш Сәрсенова алғаш рет дауыс беруге келіпті. "Бүгін өмірімде бірінші рет сайлауда дауыс беруге қатысып тұрмын. Әрине, маған таңдау жасау аса қиын болмады, бірақ саяси өмірді енді танып жатқандықтан негізінен ата-анамның пікіріне де сүйендім. Бастысы - азаматтық қоғамдық бастаманы қолдап, оның дами түсуіне үлес қосуды міндетім деп санаймын", - дейді ол. Дауыс берушілер арасында депутаттыққа үміткерлер де бар. Бүгінгі сайлауға жалпы 5 партиядан 312 адам түсіп жатыр.
Райхан Рахметова