Қылмыснама. Жалын Тілеуберген.

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қылмыснама. Жалын Тілеуберген.
ашық дереккөз

2021 жылғы 4-7 қаңтар аралығында Qazaqstan ұлттық арнасында «Соңғы аялдама» сериалы көрсетілді. Eлорда Инфо тілшісі телехикая продюсері Жалын Тілеубергенмен сұқбаттасып, өзі және туындысы жайлы сұрастырған еді.

***

Ең алғашқы жұмыс орным - Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театры. Онда бір жылға жуық актер боп қызмет атқардым. Ол жердегі менің жалақым 20 мың теңге болды. Ал негізі студент кезімізде мамандығымыз бойынша сериалдарға түсе бастадық. 2012 жылы «Көк тарландары» деген телехикаяда басты рөлді сомдадым. Кейін «Балапан» арнасында «10 саусақ» деген бағдарлама жүргіздім, тағы екі-үш жоба жасадым. Атап өтсем, «Тәй-тәй шоу» деген жобаның атқарушы продюсері, комментаторы болдым. Одан кейін «Сезім қаласы» бағдарламасы өзімнің продюсерлігіммен жасалды. Ол жердегі басты идея – қуыршақтарға жан бітіру. Одан соң былтырғы волонтерлер жылына орай «Сен жалғыз емессің» деген алғашқы сериал түсірдік. Сосын арасына 15 күн салып, Qazaqstan ұлттық арнасынан көрсетілген «Соңғы аялдама» телехикаясын бастап кеттік. Екеуінде де бас продюсер болдым. Жалпы, биылғы жыл продюсер ретіндегі сериал жанры мен бағытындағы дебютім деп айтуға болады.

***

«Соңғы аялдаманың» түсірілім тобы Қазақстандағы ең жас түсірілім тобы деп айтсам қателеспейтін шығармын. Мен ол жерде продюсер де, актер де болдым. Маған әкімшілік әрі шығармашылық жұмыстарды қатар атқаруға тура келді. Бас продюсер міндеті – режиссердің ойындағы творчестволық идеяларға бөгет болмай, керісінше соларға жағдай жасау. Сонда ғана шығармашылық ізденіс болады, творчестволық махаббат ашылады. Ұстаздарымыз бізге «шығармашылық, өнер деген қысымға, белгілі бір шектеуге сыймауы керек» деп үйреткен болатын.

***

Бізде «адам экраннан тәрбие алады» деген түсінік бар. Шыны керек, бәріміз де бір кино көргеннен кейін немесе кітап оқығаннан соң «бұл жерде не айтқысы келді?», «біз өзімізге не ала аламыз?» деген сұрақты міндетті түрде қоямыз. Бұл телехикаяның басты құндылығы – «қазіргі қоғамда шынымен де азамат ретінде ойлай алам ба әлде өзімнің эгомды қанағаттандырам ба?», «қай жолды таңдаған дұрыс?» деген сұрақтарға жауап беру. Сериал ішінде монологтар да, диалогтар да бар. Бәрі сол жерлерде айтылады. Көшеге ең бірінші қоқыс тастаған адам кінәлі, қалғандары біреу тастады екен деп артынан тастай береді. Біз «анау тастады ғой, маған болмай ма?» деп қоғамдағы қоқысты көбейтіп жатырмыз. Біз сонымен күресе аламыз ба? Оны өзімізден бастауымыз қажет. Бұл жерде адамның өзгеруі өзінен басталуы тиіс екені айтылған. Телехикая «қоғамға пайдамды қалай тигізем?» деген ой салуға бағытталған деп айтуға болар.

***

Мини сериал түсіру идеясы бізде болған жоқ. Бізге сондай талап қойылды десе де болады. «Біз төрт серияда не істей аламыз?» деген сұрақ туындады. Дегенмен оның артықшылықтары көп болып шықты. Біз ол жерге артық сөз, іс-қимыл, үзіліс салмадық. Яғни, былай алып қарасаңыз, бұл бір фильмнің уақыты, яғни 180-190 минут. Осылайша, біз телехикаяны демалыс күндерін қосқанда 18 күнде түсіріп шықтық.

***

«Соңғы аялдама». Бұл атау сериалдың мән-мағынасын толық ашып тұр деп айтуға болар. Себебі біздің қоғамда өзін ғана ойлайтын, «өз аулам таза болса болды, көше шашылып жата берсін; өз қарным тоқ болса болды, көршім аш қала берсін; үйіміздің іші тыныш болса болды, көшеде жарылыс бола берсін» дейтін түсінігі өте төмен адамдар бар. Сондай типтегі адамдар соңғы аялдамаға тап болады. Бұл ауыспалы мағынасы. Тура мағынасына келсек, автобустың жанар-жағармайы бітіп, тоқтап, адамдардың бәрі түседі. «Соңғы аялдама» деген осы.

***

Маған бұл телехикаяның барлық тұсы ұнады. Әрине, кемшіліктерін де білеміз. Түсірілім барысында түрлі үрейлі де, қызықты да оқиғалар болды. Біз сериалға локация іздеп жүрген кезде көлік апатына ұшырадық. Одан кейін біздің шығармашылық топқа шабуыл жасалды. Ол шаруаның бәрі шешілді. Ішкі істер қызметкерлері бәрін реттеді. Әрине, қазір бұның бәрін күліп еске аламыз. Шыны керек, телехикая атауын «Соңғы аялдама» деп бекер қойыппыз деп өкінген кездер де болды.

***

Бірінші бөлімде «...қазір біреуді біреу ойлайтын заман өтті. Қазір қалай ақша тапқаның маңызды емес. Күніңді қалай көріп жүргенің маңызды...» деген іспетті монолог болды. Бұл сериал ұстанымы емес. Біздің қоғамда бұл сөзді айтатын, дәл осылай ойлайтын адамдардың бар екені рас. Біз осындай ойда жүрген адамдардікі дұрыс емес екеніне көз жеткізкіміз келді. Соңында кейіпкеріміз осы монологты жалғастырады. «Мен өзім үшін шешім қабылдадым - мен өзгерем» деген мағынада сөз айтады.

***

Қылмысты ешқашан да ақтап алуға болмайды. Қылмыс қашан да қылмыс. Адам өміріне қауіп төнген сәттен бастап, оны төндірген адам қылмыскер болып саналады. 90-шы жылдардағы өмірді көрсету үшін көп кино түсірілді. Біз сол тоқсаныншы жылдардағы қиындықты толық көрдік демесек те, бала кезімізде сол түсінікпен жүрген адамдардың әңгімесін тыңдап, іс-қимылдарын көзбен көрдік десе де болады. «Сананы тұрмыс билейді» дейді. Көп адамдар сол кезде қылмысқа қиындықтан барды деп ойлаймын. Ал біз өз телехикаямызда қазіргі заманғы қылмыстарды бейнеледік. Бұлардың да дұрыс емес екеніне тағы бір рет көз жеткіздік деп ойлаймын.

***

Жігіттікті қылмыскерлікпен шатастырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мысалы, жігіттік деген не? Жігіттік деген - отбасылы болу, оны адал еңбекпен асырау, қарттарға, әке-шешеңе, жоқ-жітікке барынша көмектесу, әйеліңе адал болу, айналаңа, қарындасыңа, бауырыңа жақсылық жасау, досыңды жамандықтан сақтау. Жігіттік деген - досыңның қылмысын мойныңа алып кету емес, досыңды қылмыстан алып қалу. Дұрыс ортада өскен дос таңдау керек. Жақсы дос адамды жетістікке жеткізеді. Жаман дос ылғи сені төменге тартып отырады. Сондықтан да адам өз ортасын дұрыс таңдауы тиіс деп ойлаймын.

***

Өмірлік қағидам - әке-шешеме жаман сөз алып келмеу. Жұрттың баласын үлгі тұтқан біздің ата-аналарымыз үйіндегі баласымен мақтанса деген арманым бар. Мүмкін бұл бала күннен қалып қойған бір комплексім шығар. Бірақ та сол «жақындарым мен үшін ұялмай, мақтанып жүрсе екен» деген ой маған мотивация береді. Ертең менімен әкем, балаларым, жарым, іні-қарындастарым мақтанып отыру қажет. Олар мен үшін ұяламауы тиіс. Менің басты өмірлік мақсатым осы.

***

Кімдерді үлгі тұтам? Негізінен бар жігерін, қарым-қабілетін өзінің мақсат жолында тәрк ететін жандарды үлгі тұтам. Мен соларға қарап, өзіме жетіспейтін қасиеттерді алғым келеді. Мәселен, мақсат қойып, соған жете білетін адамдар ұнайды. Оған мысал көп. Марк Цукерберг, Илон Маскті айтсақ болады. Шынымен де, ешкім сенбесе де, бір өзінің жетістігімен, табысымен бүкіл әлемді мойындатып отырған адамдар ғой.

***

Комедия жанры жеңіл. Үлкен де, бала да көре алады. Сондықтан да олардың көрермені көп. Сол себептен де комедия елімізде жиі шығып жатыр. Біз оларға қарсылық танытып, «бізде комедия ғана жарық көреді» деп айтпауымыз керек. Оларға кінә арта беруімізге болмайды. Бізде криминалдық драма да шығады. Бірақ олар көрерменнің аздығынан кіріс жағынан аз ақша табуға дайын болып жарық көреді.

***

Біз тыйым, ырым, наным-сенімге жақын халықпыз ғой. Оны мойындауымыз қажет. Көптеген режиссер түсірілім басталар алдында тәрелкеге аты-жөндерін жазып, шағады, ал соңғы кадрда сол тәрелке сынықтарын жинап, құрастырады. Бұл тұтас бір команданың өз орнында соңына дейін жұмыс атқарып, абыроймен шығуына мотивация береді деп ойлаймын. Одан кейін біздің жаңағы қазақы ырымдарымыз да бар. Қан шығарып, қой бауыздап, садақа беріп жататын кездер де болады. Бұл кино түсірілімінің жеңіл өтуіне әсер береді деген сенім ғой.

***

Еңбегің елдің алдына шығып, оны бағалап, оған бір жақсы, шынайы пікір айтып жатса, сол кезде сенен бақытты адам болмайды. Киноны, жалпы осы саланы сол қасиеті үшін жақсы көретін шығармын. Әрине, өкінген тұстар, өзің көруге ұялатын тұстарым да болады. Оның да түрлі себебі бар, әрқайсын бәріне түсіндіре алмайсың. Бірақ ол кемшілікті өзің біліп тұрасың. Соны көрермен байқап, саған айтқан кезде ең ауыр тиетін тұсы сол болады. Әрине сынды қабылдап, одан сабақ алуға тырысамыз.

***

Мақсатым - толықметражды фильм түсіру, фестивальдерге арналған кино жасау, соларды үлкен сахнада таныстыру, қазақ фильмін шетелдік көрермендерге көрсету, кино саласын Голливтудтан ұсыныстар келетіндей деңгейге жеткізу. Енді оған жету жолында біз талмай еңбек ете беруіміз тиіс. Біз көп нәрседен қорқамыз. Көп нәрсені бастап кетуге үрейленеміз. «Анау-мынау боп қалса қайтем» деп, өз-өзімізді сұрақпен жеп, қалай қартайғанымызды білмей қаламыз. Сондықтан да бізге қазір сөзден іске көшетін уақыт келді деп ойлаймын. Менің айтарым, осы жолда тынбай еңбектеніп, іздену керек. Мен әлі де талай-талай биік шыңға жететінімізге сенемін. Алла сол күнге жеткізсін!

Қымбат Елтайқызы