Ұлттық академиялық кітапханада «Парасат жолы» орталығы ашылды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Ұлттық академиялық кітапханада «Парасат жолы» орталығы ашылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211275828260009.webp)
Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева, ақпараттық, ағартушылық штаб жетекшісі, қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел, Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов, белгілі сатирик, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көпен Әмірбек, ақын, жазушы Баянғали Әлімжановпен өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.
"Кітапханадағы «Адалдық алаңының» аясында «Парасат жолы» орталығын аштық. Президент тапсырмасымен Парасаттылық идеологиясын ілгерілету мақсатында 21 тамыздан бастап «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасын іске қосқанда әдейі академиялық кітапхананы таңдадық. Кітапхананың ішіндегі әрбір зал, кітап арқылы тарих сөйлейді. Нағыз парасаттылықтың, даналықтың ордасы екеніне ешкім қарсы пікір білдірмес. Белгілі қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер, жазушы, ақындармен бірге 30-дан аса сұхбат жүргіздік. Несіпбек Айтұлының шығармашылығын алып қарасақ, тұнып тұрған адалдық. Олар жалған жүріп, өтірік жаза алмайды. Осы бастаманы әрі қарай жүйелі түрде жалғастыру үшін парасаттылық, әділдік, ізгілік, даналықтың ордасы кітапхананы таңдадық. Елге белгілі, ісімен өнегелі ағаларымыз жастарға жол көрсетсе дейміз. Әрбір жазушы, ақынның шығармашылығы арқылы адалдықты жеткізгіміз келеді", – деді Ж.Жылқышиева.
Ұлттық академиялық кітапхана басшысы, профессор Үмітхан Мұңалбаева: "Мәдениет, әдебиет және руханиятты негізге ала отырып, келелі әңгімелер арқылы қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерлету - басты мақсатымыз, - дейді.
"Адалдық, парасаттылық, ізгілік пен қайырымды қоғам, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды көздейміз. Сол мақсатта жоба авторы Жазира Жылқышиеваның идеясын жүзеге асырдық. Алдағы уақытта мағынасы кең, мазмұны бай, тақырыбы терең сұхбат арқылы ел көңілінен шығатын көкейкесті мәселелерді осы орталықта талқылаймыз. Зиялы қауым өкілдерімен кездесулер, сұхбаттар мен тікелей эфирлер ұйымдастырылады. «Парасат жолы» идея алаңына айналады", – деді ол.
Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ