«Астана Опера» театры қаңтарда көрермендерді қандай қойылымдармен қуантады
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![«Астана Опера» театры қаңтарда көрермендерді қандай қойылымдармен қуантады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112779237651604.webp)
7 қаңтар сағат 17.00-де «Рождестводағы ғажайып» концерті өтеді. Рождество мерекесіндегі осынау кеш тыңдарман жүрегін шаттық пен бақытқа бөлейді. Діни музыка жауһарлары, әлемдік классика, қазақстандық авторлардың шығармалары «Астана Опера» театрының опера әншілері мен Камералық хорының орындауында шырқалады, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Солистер – Әсем Сембина, Елена Ганжа (сопрано), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Малика Минизини (меццо-сопрано), Рамзат Балакишиев (тенор), Ержан Саипов (баритон), Шыңғыс Расылхан (бас), Любовь Ткаченко (арфа). Фортепиано партиясында – Елена Сахно, Жанар Ахметова, Жаңыл Рақымбекова. 8 қаңтар сағат 19.00-де «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» концертінде республикамыздың жетекші шығармашылық білім ордалары мен шетелдің беделді оқу орындарында – П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы, А.Шнитке атындағы Мәскеу мемлекеттік музыка институты, М.Глинка атындағы Новосібір мемлекеттік консерваториясында білім алып жатқан дарынды қазақстандық студенттер өнер көрсетеді. Халықаралық байқаулардың лауреаттары Жасұлан Әбдіқалықов (труба), Алмас Нығматов (скрипка), Досхан Жексембай (бас-тромбон), Дулат Кеңес (валторна), Аяжан Үсембаева (аккордеон), Малика Аймақова және Салтанат Ақбасова (фортепиано), «Шабыт» үрлемелі аспаптар квинтеті, Брасс-квинтет өз орындаушылық өнерін паш етпек. Бағдарламада – Р.Шуманның Тромбон мен фортепианоға арналған адажио және аллегросы, op. 70, С.Рахманиновтің Баркарола си минор, ор.10 және «Элегия», М.Мошковскийдің «Искорки», Д.Шостаковичтің «Он прелюдия» топтамасынан түрлі сипаттағы бес прелюдиясы (№4, 5, 6, 7 және 10) (Д.Цыганковтың скрипка мен фортепианоға арнап өңдеуі), К.В.Брандттың №2 концерттік пьесасы, ми-бемоль мажор, В.Бахтың Венгр әуендері, Э.Морриконенің кинофильмдердің музыкасына попурриі, П.Хиндемиттің Үрлемелі квинтетке арналған шағын камералық музыкасы, op. 24 №2. 17 қаңтар сағат 17.00-де «FORTE-TRIO шақырады» топтамасынан концерт өтеді. «Forte Trio» мемлекеттік триосы құрамында Қаламқас Жұмабаева (скрипка), Мұрат Нарбеков (виолончель), көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано) Камералық зал сахнасында өнер көрсетеді. Концерттерінің қысқы серияларын атақты ұжым танымал орыс композиторларының шығармалар топтамасынан құрылған бағдарламамен ашады, атап айтқанда, А.Аренскийдің №1 фортепианолық триосы, ре минор, ор.32, С.Рахманиновтың Фортепиано, скрипка және виоленчельге арналған №1 элегиялық триосы, соль минор орындалады. 23 қаңтар сағат 12.00-де балаларға арналған «Ішекті аспаптар отбасы» концерті өтеді. Концертте музыка мен концерт жүргізушісінің сөзі, жұмбақтары мен танымдық бейнеқатарлары әдемі үйлесім тапқан. Оркестр әртістері, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқушылары, жобаның жетекшісі – музыкатанушы Маржан Жәкенова жас тыңдармандарды ішекті аспаптармен, олардың дыбысталуы және ұлы композиторлардың шығармаларымен таныстырады. 26 қаңтар сағат 19.00-де қазақстанның танымал музыканттары, «Астана Опера» әртістері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев (баритон), халықаралық байқаулардың лауреаттары Қаламқас Жұмабаева (скрипка), Курванжан Ахатов, Ажар Қадырова (виолончельдер), Долорес Үмбетәлиева (фортепиано) көрермендерге «Музыканың алтын ғасыры» топтамасынан концерт ұсынады. Бұл кеште «Астана Опера» Камералық оркестрі дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен өнер көрсетеді. Г.Ф.Генделдің «Оттон» операсынан Оттонның ариясы, «Саул» ораториясынан ария, Т.Альбинонидің «Адажио», А.Аданның Minuit, chrétiens («Қасиетті түн»), А.Скарлаттидің Фортепианоға арналған токката, ре минор, Г.Ф.Гендель-И.Хальворсеннің Скрипка мен виоленчельге арналған пассакалиясы, Л.Боккеринидің Рондосы, А.Вивальдидің Екі виолончель мен ішекті аспаптар оркестріне арналған концерті, соль минор, В.Беллинидің «Сомнамбула» операсының тақырыптарына М.Глинканың тамаша дивертисменті, П.Масканьидің «Ауыл абыройы» операсынан интермеццо, П.Чайковскийдің Ішекті аспаптар оркестріне арналған серенада, до мажор, 2-бөлімі мазмұнды бағдарламаның көркін қыздыра түспек.