Елордада «Махаббат сусыны» комедиялық операсының премьерасы өтті
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордада «Махаббат сусыны» комедиялық операсының премьерасы өтті](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112779916515587.webp)
Дәулетті отбасыдан шыққан бойжеткен мен кедей, бірақ қайратты бозбаланың махаббат оқиғасы бақытты аяқталды, залда шаттық орнады, бәрі күлкіге қарқ болып, труппа шеберлігіне ыстық ықыластарын білдірді.
«Махаббат сусыны» – итальяндық сазгердің шығармашылық шыңының бірі. Тамаша әуендерге толы ол тыңдарман қауымды ғасырдан астам уақыт бойы тамсандырып келеді, алайда опера классикасының алтын қорына енген Немориноның Una furtiva lagrima романсы осынау жауһарды атақты әрі танымал етті.
Француз қоюшысы Арно Бернар режиссерлік емес, дәстүрлі опера жолын ұстанып, спектакльді авторларының көзі тірісіндегі дәуірге толықтай сәйкес етіп жасады. Дегенмен, опера жанры шартты түрде болып келетіні түсінікті, сондықтан бұл классикалық қойылым Арно Бернардың қызықты ой-пайымдарымен әрлене түсті, атап айтқанда, кейіпкерлер сахна кеңістігінің астынан пайда болды, ал алаяқ Дулькамара спектакльдің соңында әуе шарымен ұшып кетті, осының бәрі заманауи шындық тұрғысынан өте үйлесімді көрінді әрі композитордың ұлы туындысын көрерменнің қабылдауына бір табан жақындата түсті.
Әлемнің көптеген елдеріне танылған қоюшы дирижер Алан Бөрібаев пен режиссер Арно Бернардың, заманымыздың көрнекті сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның жүйелі жұмысының арқасында өткен ғасырда орын алған қарапайым хикая бүгінгі уақытта күлкілі болып көрінген жоқ және махаббаттың күші туралы ешкімге керексіз ғибратқа айналған жоқ. Қойылым тобы көне операның кейіпкерлерін қазіргіге жақын, ұғынықты және, ең бастысы, жанды етіп жасаған! Ауылдық жердегі жаз мезгілінің жайма-шуақ көңіл-күйінен жастықтың жалыны мен өмірге деген құштарлық есіп тұрды. Декорациялар түрлі түске еніп, мың құбылды, ауылдың табиғаты, қамбалар мен әскери көріністер ХІХ ғасырдың ортасындағы нағыз итальяндық стильмен үйлесе кетті.
Қарапайым да күрделі, жарқыраған, түрлі-түсті әрі жеңіл костюмдер жеке қошеметке лайық, олар әртістердің сахнада ойнауына көмектесіп тұрғандай болып көрінді. Мәселен, Дулькамараның киімі цирк стиліне асыра ұқсатылған, кейіпкер сиқыршыға ұқсады, Белькоренің костюмі шынайы да әскери үлгіде, сөйте тұра, күлкілі көрінеді.
Франка Скуарчапино үшін хорға арналған костюмдердің мәні зор екені белгілі.
«Аталмыш операда әртістердің костюмдері пішімі немесе түсі бойынша бірдей болған жоқ, көріністің даму бағытына назар аударып, жылдам қозғалатын хор бас кейіпкерлердің ойынына жауап қатып тұрды, сондықтан костюмдері де әртүрлі. Олардың көбі – жұмыс киіміндегі шаруалар, кейбіреулері – шамамен 1840-шы жылдарға сай келетін фермерлік мекенде серуендеуге шыққандай жеңіл киінген буржуазия өкілдері», - деп бөлісті Франка Скуарчапино.
Күтпеген бетбұрыстармен қарыштап дамитын оқиға желісі хикаяны жан-жаққа бағыттады. Бас кейіпкер Неморино (Жан Тапин, Дамир Сәдуақасов) дәулетті ару Адинаға (Салтанат Ахметова, Альфия Каримова) ғашық, бірақ сезімін білдіруден қорқақтайды. Адина да сержант Белькореге (Талғат Мұсабаев, Талғат Ғалеев) тұрмысқа шыға жаздағанына қарамастан, шын мәнінде Немориноны жақсы көреді. Жағдайдың түйінін дүмше емші Дулькарама (Бауыржан Әндержанов, Евгений Чайников) шешеді.
Барлық әртістер өз партияларын сенімді орындап, тамаша актерлік шеберліктерін көрсете білді, кей тұста тіпті кәсіби алаңғасарлыққа да барды, қысқасы, рөлдеріне еніп, кейіпкерлерінің бейнесін толықтай аша білді. Сахнадағы әрекет үлкен хор мизансценаларына, ұсақ заттарға толы болды, барлығы (солистер, хор, миманс) сахнада орын алған оқиғаға (велосипедпен серуендеуге, биге және тағы басқаларға) толықтай тартылды. Бірақ жетекші солистердің басты басымдығы, әрине, кең тынысты академиялық ән айтуларында және дауыстарының әсемдігінде болды. «Астана Опера» театрының хоры бұл операның партитурасын тамаша орындады.
Донато Демита сюжет бойынша дәрігер Дулькамараның ассистенті болып табылады, ал өмірде – Еуропада пантомима жанрында өнер көрсететін сұранысқа ие актер. Оның Қазақстанда өте сирек ұшырасатын ым-ишара шеберлігі спектакльдің ең қызығы болды. Өзімен бірге дель арто комедиясының нәзік әзілі мен дененің ырғақты қимылының әсемдігін көрсеткен Демитаның өнері бүкіл қойылым бойына айрықша өтті.
Симфониялық оркестр ерекше әдемі және анық естілді, күмәнсіз, маэстро Алан Бөрібаевтың өте шеберлікпен істелген нәзік жұмысы ықыласпен қол соғып, мақтауға тұрарлық. Оның сенімді әрі ойлы дирижерлік етуі музыкалық материалды игерудің жоғары деңгейін көрсетті, барлығынан оның композитордың жарқын, бастапқы ойларына жүгінгені сезіліп тұрды.
Спектакль өте үйлесімді әрі өзекті болып шықты. «Махаббат сусыны» басынан бастап соңына дейін көрермендердің назарын өзіне баурап ұстап тұрды. Ғажайып-эликсир бар-жоғы фарс болғанымен, оқиға барлығы үшін бақытты да баянды аяқталады. Мұндай көңілді нотада «Астана Опера» театры осы жылдың премьералық көрсетілімдерін тамамдады, бірақ келер жылы көрермендерге жаңа қызықты жобалар ұсынатындығын айтып қуантты.