«Ауған алауы жадымызда»: Елордада ауған ардагерлерін еске алу жиыны өтті
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![«Ауған алауы жадымызда»: Елордада ауған ардагерлерін еске алу жиыны өтті](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112776412480129.webp)
Жиын басында майданда қаза болған батырлардың ерліктері еске алынып, марқұмдардың рухына Құран бағышталды. Осыдан кейін жиылған жұрт ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздік жариялады.
«1979-1981 жылдары Ауғанстанда 66-бригадада Жалалабад қаласында қызмет еттім. Сол елдегі қақтығыста қаза болған жолдастарымыздың рухына тағзым етіп, жылда осылай дәстүрлі түрде бас қосамыз. Мешітке барып қасиетті Құран сүрелерін оқытып, марқұмдардың рухына бағыштап отырамыз. Көкшетау жерінің Еңбекшілер ауылынан досым екеуіміз шақырылған едік. Өкінішке қарай, 1980 жылғы операцияда қаза болды», - дейді ауған соғысының ардагері Есләм Уахитов.
Сөзін жалғай отырып, ауған соғысының ардагерлеріне арналған орын еліміздің әр облысында, әр қаласында бар екенін айрықша айтып өтті.
«2006-2011 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы екі ауданда әкім болып жұмыс істегенмін. Сол уақыттары өзге де аудан әкімдерінің басын қосып, ауған соғысында қаза болған жандардың ерлігіне арнап, ескерткіш орнатқан едік. Сол игі іс еліміздің өзге де облыс, қалаларында жалғасын тапты», - деп ойымен бөлісті ауған соғысының ардагері.
Жыл өткен сайын ауған соғысы ардагерлерінің қатары сиреп барады. Еске алу жиынының соңында жұрт Мемлекет басшысына биыл 7 мамырда қабылданған «Ардагерлер туралы» заңға өзгерту енгізу үшін жанама заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізілсе деген өтінішін жеткізді.