Қазақстандық мұғалімдер ЮНЕСКО-да топ жарды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстандық мұғалімдер ЮНЕСКО-да топ жарды
ашық дереккөз

Жеңімпаз мұғалімдер Арай Ағаларова мен Назым Адаспаева Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ағылшын және информатика пәндерінен сабақ береді. «COVID-19 пандемиясы кезінде білім саласында орын алған кедергілерді жойып, өзара тәжірибе алмасуды басты мақсат етіп алған бұл сайыс оңай болды деп айта алмаймыз. Алдымен HEDU платформасында ұйымдастырылған вебинарларға қатысып, ғаламдық мәселелер бойынша талқылау жұмыстарын жүргіздік. Сайыс ағылшын тілінде өтті. Әріптесім Арай Ғабиденқызы екеуміз «Климаттың өзгеруімен күрес» тақырыбында бейнеролик әзірледік. Бейнероликте онлайн оқытуды қолдауға және оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуға көмектесетін білім беру ресурстары туралы жайттар баяндалады», -деді Назым Адаспаева. Айта кетсек, онлайн форумға сонымен қатар Қытай, Үндістан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан сынды көптеген мемлекеттің мұғалімдері қатысты. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп табылған қазақстандық ұстаздардың бейнеролигі ЮНЕСКО-ның сайтына жүктеледі.