Үкімет су ресурстарын пайдалану мәселелерін қарады
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Үкімет су ресурстарын пайдалану мәселелерін қарады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114503633880857.webp)
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баяндама жасады. Қазақстанда су тұтынудың 65%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі. Елдің жер үсті суларының жартысына жуығы (44,9 км3) көршілес елдер – ҚХР, РФ, Өзбекстан, Қырғызстан аумағынан келеді. Трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері үкіметаралық келісімдер шеңберінде реттелген. Осы жылдың желтоқсан айында Орал және Ертіс трансшекаралық өзендері бассейндерінің экожүйелерін сақтау және қалпына келтіру бойынша Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламалары қабылданды. Бағдарламалар, оның ішінде су алмасуды жақсарту үшін су өткізу құрылыстарын қайта жаңарту жөніндегі шараларды көздейді. Сумен қамтамасыз ету міндеттерін шешу үшін су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді, ол су инфрақұрылымын салуды, жаңғыртуды және жетілдіруді, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, су есепке алу мен су бөлуді цифрландыруды көздейді. Осы іс-шараларды өткізу су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. "Агроөнеркәсіптік секторды сапалы және кепілдендірілген су көлемімен қамтамасыз ету елдің азық — түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді", - деді А.Мамин. Үкімет басшысы еліміздің су шаруашылығының барлық негізгі нысандарында Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы К-19 магистральдық каналын цифрландыру бойынша пилоттық жобаны тарату қажеттігін атап өтті. Премьер-Министр Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында ылғал сыйымды күріш дақылдарын егу жоспары артқанын атап өтті. "Жұмсалған судың едәуір көлемін экономикалық тұрғыдан тиімдірек дақылдарды – көкөністер, жеміс-жидектер, рапс, соя өсіру үшін пайдалануға болады. Ол үшін әкімдіктер бекітілген егіс жоспарларын қатаң ұстанулары керек", — деді А.Мамин. Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы, экология, сауда министрліктеріне әкімдермен бірге егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша қойылған міндеттер мен ішкі қажеттілікті ескере отырып, ылғал сыйымды дақылдардың егістігін ауыстыру мәселесін пысықтауды тапсырды. Бұл жұмыстың нәтижелері АӨК-ті дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеу кезінде ескерілуі тиіс. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп трансшекаралық өзендерді өзара тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша шектес мемлекеттердің салалық ведомстволарымен жұмысты күшейту тапсырылды. Экология және ауыл шаруашылығы министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп су шаруашылығы объектілерін салу және реконструкциялау жобаларын іске асыру, сондай-ақ су үнемдеу технологиялары мен су есептеудің цифрлық жүйелерін енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыру тапсырылды.