Талғат Нәрікбаев: Мектеп санына емес, сапасына мән беруіміз керек
«Елордада 2010 жылы 74 мың оқушы болса, қазір оның саны 193 мыңға жетіпті. Алайда мектеп саны сәйкесінше 2,5 есеге көбеймеген. Нәтижесінде бүгінгі күннің өзекті проблемасы — үш ауысымда оқу мәселесі туындап отыр. Статистика жүргізу бар мәселені ашып береді. Елордада 90 мемлекеттік мектеп бар. Оның 10-15%-ында ғана 1200 бала оқып жатыр. Қалғандарында оқушы саны нормадан артық. Мұндай жағдайда сапалы білім қайдан болсын», — дейді дейді Нұр-Сұлтан қаласы №51 мектеп-гимназиясының директоры Аятжан Ахметжанұлы.
Орта білім сапасы мемлекет пен қоғамның табысты дамуының кепілі екенін айқындай келе, KAZGUU университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев мектеп санын арттыру білім сапасы мәселесін шешпейді деген пікір білдірді.
«Нұр-Сұлтан қаласында мектептер жақсы қарқынмен салынып жатыр. «Nur Otan» партиясының жоспарында да мектеп құрылысы негізгі санатта. Бірақ алдымен мектеп санына емес, сапасына мән беруіміз керек. Біздің елде сапа жайлы әңгіме болса, бірден құрылыс бастау туралы шешім шығады. Алдымен ол мектептің мұғалімдері мен директорының білімін қадағалап, айлығын көтеру керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы мұғалімдердің жалақысын көтеріңдер дегенге жаппай көтердік, бірақ директорлардікі сол қалпы. Директордың жалақысы 150 мыңның көлемінде, ал қарамағындағы мұғалім 200-220 мың айлық алуда. Ал ол мұғалімдерді жұмысқа қабылдайтын кім? Директор. Жемқорлық осы тұста пайда болады. Әкім де директордың айлығын көтере алмайды. Өйткені Қаржы министрлігі бекіткен «сетка» бар», — деді Талғат Нәрікбаев.
Осы тұрғыда тікелей эфир модераторы Ерболат Мұхамеджанның «Елордалық мектеп директорларының жалақысын көтерудің қандай жолдары бар?» деген сұрағына Нұрмұхамед Досыбаев жауап берді.
«Әкімдік директорлардың жалақысын көтеру үшін мектептер «Мемлекеттік мекеме» емес, «Құқықтық мемлекеттік кәсіпорын» санатына өтуі керек. Егер мектеп шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын ретінде тіркелсе, директорларға үстемеақылар мен қосымша ақыларды өз бетінше белгілеуге құқылы»,- дейді Astana Garden School мектебінің негізін қалаушы Нұрмұхамед Досыбаев.