36 күн ішінде 1 500 шақырымды жаяу жүріп өткен жиһанкез кім
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![36 күн ішінде 1 500 шақырымды жаяу жүріп өткен жиһанкез кім](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114525812246335.webp)
– Бұл «Қасиетті сапар» Әбу Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1 150 жыл, Бекет атаның туғанына 270 жыл, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына және «Алтын орда» мемлекетінің 750 жылдық мерейтой құрметіне арналды.
Сапардың жол ұзақтығы 1 500 шақырымнан асса, уақыт бойынша ұзақтығы – 36 күн мерзімді құрады. Маршрут елорданы қоспағанда, Қазақстанның 4 облысын, яғни Түркістан облысы, Шәуілдір ауданы, Шәуілдір кенті / Әл-Фарабидің туған жері – Отырар ауданы/Арыстанбап мазары – Түркістан қаласы/ Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Жосалы кенті/ Қорқыт ата кешені – Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бозой кенті – Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Ескі Бейнеу/ Бекет ата мешіті маршрутын қамтыды.
[caption id="attachment_52216" align="alignnone" width="1024"] Фото авторы: Ақтілеу Қалдыбай[/caption]
Сапардағы мақсатым – ежелгі көшпенділер жолын жаңғыртып, жаяу жүріп өтіп, ежелгі «Жібек жолын» жалғастыру; «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға атсалысу (жеке жауапкершілікпен); Тәуелсіз Қазақстанды тәу ету арқылы тарихи-мәдени орынға бай ел екенін іс жүзінде көрсету болды.
1 қазан күні елордадан Түркістан облысына пойызбен барып, 2 қазан күні ғылымның атасы Әбу Насыр Әл-Фарабидің кіндік қаны тамған Шәуілдір деген жерден жаяу жүрісті бастадым. Онда музейлерді араладым. Әл-Фарабидің ұрпақтары қарсы алып, үйлерінде қонақ қылды.
[caption id="attachment_52221" align="alignnone" width="696"]
Фотода Шәуілдір кентінің азаматы Абдимухамед Абдимуталип (Әл-Фарабидің ұрпағы) пен зайыбы Гүлжанат Хантуғанқызы [/caption]
Ол жерден 18-20 шақырымдай қашықтықта жатқан Арыстанбаптың басына барып, тәу еттім. Кейбір діни қозқарастық таныммен түсіндіретін болсақ, «Арыстанбап бабаның басына түнеңіз, Қожа Ахмет Яссауи бабаның басына барып, тілек тілеңіз» деген сөз бар. Сол бойынша Арыстанбап бабаның басына түнедім. Келесі күні әрі қарай 60 шақырымдай жүріп, Түркістанға жеттім. Осылайша, сапарымды жалғастырып отырдым.
[caption id="attachment_52211" align="alignnone" width="696"]
Фото Сәрсенбай Ерқасымовтың жеке мұрағатынан[/caption]
Осы жерде жолсеріктер жайлы айта кететін болсам, Қазалыдан Бозойға дейін Өмірбек Тәжімбетов, Бозойдан Тұрышқа дейін Ақтөбе қаласының тұрғыны Мұратқали Жалдаев, Тұрыштан Ескі Бейнеудегі Бекет ата мешітіне дейін велоспортшы Раббим Борашев жолсерік болды. Ол жерде Бекет ата мешітінің шырақшысы Қалымбегі Әбуов ақсақал бата берді. «Тобықты» деп аталатын Бекет ата мешіті ашылып, оның қонақ асында маған сый-құрмет көрсетіліп, шапан жабылды. Маңғыстау облысы әкімінің қабылдауында болдым.
– Жолда қандай қиындықтар болды?
– Оны айтуға оңай. Мысалы, ойлап қарасаңыз, 40 шақырымдық марафонға жүгіру үшін жарысқа қатысушы спортшы кем дегенде жарты жыл жаттығады. 5, 10, 20 шақырымдық қашықтыққа жүгіріп, дайындалады. Ал 40 км деген – мен үшін күнделікті қалыпты жағдай, яғни түске дейін 20 км, түстен кейін 20 км. Бұл – менің ең төменгі көрсеткішім. 5-7 км/сағат жылдамдықпен жүрсем, орташа есеппен күніне 50 шақырымды жүріп өтемін. Ал жақсы тыныққан күндері көңіл күй дұрыс болса, 60 шақырымға дейін еңсеремін. Алайда кей күндері жол бойында асхана болмағандықтан, таңғы және кешкі уақытта, екі-ақ уақыт тамақтанатын кездер болды.
[caption id="attachment_52213" align="alignnone" width="696"]
Фото Сәрсенбай Ерқасымовтың жеке мұрағатынан[/caption]
Дегенмен мен спортшымын, мен мықтымын деу әбестік болар. Құдайдың құдыретімен жүрдім деген дұрыс шығар. Мысалы, кейде аяғымды суытып, демалып алайын деп аялдасам, ұзағаны 10-15 минут қана тынығамын. Себебі жарты сағат отырып қалсам, денем мұздап, қан жүрмей, әрі қарай жүру қиындап қалады. Сол кезде 15-20 келідей болатын арқамдағы рюкзагымды алмастан отырамын. Сондайда Аллаға сыйынбасам, орнымнан тұру ауырлау болады. Ал тілімді Кәлимаға келтіріп, «Ей, Алла, өзің жәрдем бере гөр» десем, орнымнан қалай тұрғанымды білмей қаламын. Суым таусылып, шаршап кетіп бара жатқан кездерімде жол бойында көліктер тоқтап, «жеткізіп тастайық» деп жанашырлық танытқандар болды. Бірақ «айтылған сөз – атылған оқ» демекші, Алланың алдындағы о бастағы уәдем қайда қалады?! Сондықтан ілтипаттарын білдірген азаматтарға рақметімді айтып, өзімнің аяңымнан жаңылмадым.
[caption id="attachment_52212" align="alignnone" width="696"]
Фото Сәрсенбай Ерқасымовтың жеке мұрағатынан[/caption]
Кейде ауыр жүк көліктері ұшырып кете жаздайтындай желдетіп өтеді. Адамдар әртүрлі ғой, кейбіреулер «жолдың шетіне қарай жүр» дегендей, әдейі көлігімен шетке қарай ығыстырады. Бірақ негізінен жолаушылардың жанашырлық танытып, тілектерін айтқандары көп болды.
Жалпы, ұзақ жолға шығар кезде сапар намазын оқып, күннің жылы болуын тілегенмін. Алла тілеуімді беріп, күн үнемі жарқырап тұрды. Тек Аралдың маңынан өткенде және Қорқыт атаны қорқытқан дауылды жерлерде біраз қиындық болды. Енді ол дауыл Қорқыт атаның өзін қорқытқанда, біз оның қасында кімбіз?!
– Қанша аяқ киім тоздырдыңыз?
– 4 аяқ киім тоздырдым. Осында жүргенімде бір сапалы деп таңдап, елорда сыртындағы Қабанбай батырдың басына жаяу барып қайтқанда киген аяқ киімім Шәуілдірден Түркістанға дейінгі жолда-ақ киюге жарамай қалды. Өзімнің салмағым 90 келі, арқамдағы рюкзагым бар, күні бойы тоқтаусыз жүргенде табанымның асты әбден езіліп бітті. Содан жанашыр ағайындар былғары аяқ киім сатып алып берді. Табаны қалың, жүруге ыңғайлы екен. Сол былғары аяқ киіммен 140 шақырым жол жүріп, Жаңақорған ауданының Сунақ ата ауылына дейін жеттім. Оған дейінгі жолда бір дамылдағанымда мені қонақ қлған азамат аяқ киімімді жылы жерге кептіріп қойыпты. Бірақ дымданып тұрған аяқ киім кепкен кезде бүрісіп, қоқиып қалыпты. Соны киген соң Сунақ ата ауылына әрең жеттім. Астанадағы достарымның бірі Сунақ ата ауылындағы жездесіне менің бара жатқанымды алдын ала ескертіп қойыпты. Ол кісі мені тас жолындағы аялдамадан күтіп алды. Сол кезде менің ақсаңдап, қиналыңқырап келгенімді байқап қалыпты. Оның үйінде Құдайы қонақ болдым. Менің былғары аяқ киіміммен әрі қарай жол жүруімнің қиын екенін сезген ол өзінің «кроссовкасын» сыйға берді. Өзі мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ береді екен. Ол кісінің аяқ киімін кигенде волгаға отырғандай болдым.
[caption id="attachment_52220" align="alignnone" width="768"]
Фотода Сунақ ата ауылының азаматы Мырзабек Абуов пен зайыбы Нағима[/caption]
Аяқ киім қажап, аяғым жүргізбей қалған кездерде дәрі-дәрмегімді қолданып, өзімді-өзім емдедім. Бір медбикенің жұмысын жүргіздім деуге болады. Осылайша, күнделікті өз-өзіме күтім жасап отырдым. Соны көргенде мені қонақ қылған кісі: «әй, құрдасым-ай, тырнағың болса түсіп қалуға шақ қалыпты, мынандай азаппен қалай келе жатырсың? Табаны тесілген аяқ киіммен қалай жүрмексің? Бірер күн жатып, демалсаңшы», - деді. «Жоқ, рақмет», - дедім. Менде жататын уақыт жоқ. Сол кісінің «кроссовкасымен» ертесінде жолға шығып, Қызылордаға жеттім. Содан жанашырлардың көмегімен тағы бір аяқ киім сатып алып, сонымен Бекет ата мешітіне дейін бардым. Ақыры сапарымды аяқтап, елордаға сол аяқ киіммен ұшып келдім.
– Ол аяқ киімді сақтап қойдыңыз ба?
– Иә, қазір үйімде тұр. Достарым қалжыңдап «саған бір ғимараттан бұрыш ашайық, сол жерге мың жарым шақырым жаяу жүргенде пайдаланған ыдыстарыңды, заттарыңды, киімдеріңді қойып қояйық» дейді.
– Бұл нешінші сапарыңыз? Бұған дейін қайда барып едіңіз? Баратын орындарыңызды алдын ала зерттеп, көлікпен жүріп өттіңіз бе, әлде бірден жаяулатып шығып кеттіңіз бе?
– Жоқ, бірден жаяу жолға шықтым. Қазіргі уақытта интернет GPS бар ғой. Қазақстанның картасын да алып алдым. Жалпы, бұған дейін де жаяу сапардан тәжірибем бар. 2000 жылы Бекет атаның 250 жылдығында да 1 400 шақырымды жүріп өткенмін. Ол кезде үш облысты, яғни Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарын жалғадым. 39 жаста едім ол уақытта. Одан кейін Бекет атаның 260 жылдығында 300 шақырым жүрдім. Осы жолғы – үшінші сапарым.
– Алда қандай жоспарыңыз бар? Еліміздің басқа да аймақтарындағы киелі орындарға, шекара сыртында жатқан ата-бабаларымыздың басына және қажылыққа жаяу бару ойыңызда бар ма?
– Шекарадан тыс жерлерде жаяу жүру заң жүзінде қиын болғандықтан, қажылыққа жаяу барамын деп айта алмаймын. Өйткені бөтен елдің басыңнан сипамайтыны анық. Әйтпесе ондай ой болған. Дегенмен табаныңды тоздырып, маңдай теріңді төгіп, ел ішіндегі небір сыры ашылмаған киелі орындарға сапарлап барсаң да, Жаратушының разы болары хақ.
Түркістан облысындағы Қылует жер асты мешіті мен Бекет ата мешітінің арасын, ежелгі «Жібек жолын» жүріп өттім ғой. Енді келесі жылы жақында ғана ашылған Бекет атаның төртінші Тобықты мешіті мен жер асты мешітінің арасын қоссам деймін. Бұл Каспий теңізіне жақын жерде орналасқан. Жалпы, айта берсек, Қазақстанның әр өңірінде киелі орындар, зерттелмеген белгісіз бабалардың бейіті көп қой. Нұр-Сұлтан қаласынан шықсақ, Таңбалы тас, Ұлытау, ондағы Тәуке ханның резиденциясы болған жер бар, Көкшетау жаққа шықсақ, Абылай ханның резиденциясы болған жер бар, Семей жақта Абай елі бар, сонымен қатар Бетпақ дала мен Қорқыт атаның арасын қоссам деймін. Осы жерлердің көбіне барсам деген ойым бар. Экспедиция жасау жөнінде министрлікке жобаларымды ұсынғанмын. Бірақ әзірге қаржыландыру жағынан қолдау болмады. Дегенмен дәм тартып жатса, бабаларымыздың табанының табы қалған осы киелі орындарға мен де табанымды тигізермін деп үміттенемін.
– Соңыңыздан ерген шәкірттеріңіз бар ма? Жиһанкез боламын деген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Бұл оңай шаруа емес. Оған көп ешкім бара бермейді. Өйткені бұл жай ғана жаяу жүру емес, бірнеше саланы қамтиды. Жер тану, киелі орындарды зерттеу, оны келешек ұрпаққа ақпарат ретінде ұсыну үлкен ерік-жігерді және осы салаларға деген қызығушылықты талап етеді. Мен өзім үш мамандықты оқып бітіріп, бірнеше салада қызмет атқардым. Тарихшы, этнограф болғандықтан, осы жолға түстім. Сонымен қатар жас кезімде спортпен де кәсіби тұрғыда айналысқанмын. Каратэмен де шұғылданғанмын. Ұзақ жолға шыдамдылық танытуда мұның да өзіндік септігі бар.
[caption id="attachment_52214" align="alignnone" width="696"]
Фото Сәрсенбай Ерқасымовтың жеке мұрағатынан[/caption]
Ал жиһанкез боламын дегендерге айтарым, өте жауапты әрі сезімтал болу керек. Мысалы, экспедиция құрамында кем дегенде 7 адам болуы керек болса, мен соның барлығының міндетін жалғыз өзім атқарамын.
– Сіз осы сапардан қанша шығын шығардыңыз немесе қанша пайда таптыңыз және қандай да бір жаңалық аштыңыз ба?
– Материалдық жағынан айтар болсақ, ешқандай пайда тапқан жоқпын. Ал рухани пайдаға келсек, ол – баға жетпес байлық. Киелі орындар туралы авторлық мақалалар жаздым. Егер мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетн болса, біраз ғылыми жобаларым да бар. Мысалы, Қылует жер асты мешіті туралы көп айтыла бермейді. Сол сияқты Бекет ата мешітінің де тарихы тереңде. «Білімді басқа жазады, басқа жазбағанды тасқа жазады» демекші, Бекет атаның тасқа қашап жазған дүниелері, оның асатаяғы – әлі ашыла қоймаған тақырып.
[caption id="attachment_52215" align="alignnone" width="696"]
Фото Сәрсенбай Ерқасымовтың жеке мұрағатынан[/caption]
Жалпы, осы сапарға шыққанымда өзіммен бірге көк туымызды, яғни үш кішкентай жалаушаны алып шыққанмын. Оның біреуін және «Бабалар аманатының мөр таңбасы» атты шағын кітапшамды Түркістан облысындағы Қылует мешітіне бердім. Екінші жалау мен кітапшаны Қызылорда облысындағы Қорқыт ата музейіне, үшіншісін Бекет атаның Ескі Бейнеу мешітіне бердім. Мұндай дүние шариғатта да бар екен. Яғни Алла тағала: «Сапар шексең, жол бастасаң, керуен бастасаң, сенде жалау болсын. Мен сол жалауыңнан танимын» деген екен. Жалауды желбіретіп жүруді тарихи фильмдерден де байқауға болады.
– Соңғы сұрақ, осы сапарыңыздағы миссияңыз ойдағыдай болды ма?
– Әлбетте! Ақсақ Темір бабамыз: «Сенің межелеген мақсатыңа жанашырың, жақының уәж айтатын болса, қандай қиындық болса да, ешкімді тыңдама. Тек өз шешіміңмен жүр. Өйткені сен Жаратушымен уәделесіп қойдың» деген екен өзінің өсиетінде. Сонымен қатар бабамыз тағы бір сөзінде: «Қай жерде әулие-әмбиелер бар, сол жерге кілем төсе, ас әзірлеп, мәзір жаса және шырақ жақ» деген. Мен тура осылай істедім.
– Сұхбатыңызға рақмет!