Нұр-Сұлтанда халықаралық бейнелеу өнері байқауының көрмесі ашылды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Нұр-Сұлтанда халықаралық бейнелеу өнері байқауының көрмесі ашылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114527816354312.webp)
Іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов ашып берді. «Бұл жыл тек қазақстандықтар үшін ғана емес, күллі әлем халқына оңайға соқпады. Жаһандық пандемия халықаралық қауымдастықты тығырыққа тіреді. Алайда, орын алған ауыр жағдайларға қарамастан, ақырындап бұрынғы қалпымызға қайта келе жатырмыз. Осы жылдың қазан айында «Құланшы» заманауи өнер орталығы «Туған жерім» халықаралық бейнелеу өнері байқауының қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды анықтады. Қазылар алқасына Қазақстаннан бөлек, Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Украина, Әзірбайжан және Беларусь елдерінен 400-ге жуық туынды ұсынылды. Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Дәстүр бойынша 2004 жылдан бері жалғасып келе жатқан көрме бұл жолы Елбасы музейінде өтті. Мүмкіндікті пайдаланып, баршаңызды алда келе жатқан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын», – деді Ә.Рахымжанов. Айта кетейік, аталмыш байқауды Елбасы кітапханасы, «Байта» қоры, «Құланшы» орталығы және Нұр–Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектеп-клубы ЮНЕСКО бірлесе ұйымдастырды. «Кішкентай өнерлі балақайларға қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс білдіргім келеді. Біз осы балалардың бір арманын орындадық. Енді олар өз күштеріне сеніп, одан ары ұшқындала түсетіндігіне кәміл сенімдімін», – деп атап өтті «Байта» қорының жетекшісі Светлана Махат. Жоба өзектілігінің артуы және оның кең танылуы жас суретшілердің жеке және шығармашылық әлеуетін ашуға, балалар шығармашылығын насихаттауға бағытталып отыр. Жоба жұмыс істеп келе жатқан 15 жылдан астам уақыт ішінде әртүрлі жұмыстар қарастырды (дәстүрлі кескіндеме, графика, мүсіннен бастап сәндік-қолданбалы өнердің әртүрлі салаларына дейін). Жас таланттарға олардың Отан туралы түсініктерін, дәстүр сабақтастығын, өз халқының мәдени ерекшелігін көрсететін тақырыптар ұсынылды. «Туған жерім» байқауының маңыздылығы мен танымалдығы жайлы 15 жылдық тарихының өзі айтып тұр. Жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, қарқынды дамып келеді. Жаһандық пандемияға қарамастан, осы көрмені теңдесі жоқ Тұңғыш Президент музейінде өткізу арқылы біз өнерге ешқандай тұсау жоқ екендігіне тағы бір көз жеткізіп отырмыз», - дейді «Құланшы» заманауи өнер орталығының кураторлық кеңес төрайымы. Байқау лауреаттарының жұмыстары қалың көрерменге желтоқсан айында ұсынылады. Көрмеге келушілер түрлі елдердің жас суретшілерінің өнер туындыларын лайықты бағалай алады. Көрме 2021 жылдың 25 қаңтарына дейін жалғасады. Байқау материалдарымен presidentlibrary.kz сайтындағы «Көрмелер» («Жобалар») бөлімінде танысуға болады.