«Жанұя» орталығында елордалық аналарға бюджеттік адвокацияның маңызы туралы айтылды
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы және ЖҚТБ-мен күрес күні аясында өткізілетін тренингті «Бақытты Шаңырақ» мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету» қоғамдық қоры ұйымдастырды. «Integrity Astana» коммерциялық емес ұйымының басшысы, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі Жанат Нұрғалиев ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналармен адвокациялық қызмет саласындағы өз білімдерімен бөлісті. «Біз үшін «бюджеттік адвокация» тақырыбы өте маңызды. Себебі кейбір адвокаттардың, әлеуметтік салалардың, денсаулық сақтаудың қателіктерінен өттік және бюджеттердің қалай және қашан дұрыс пайдаланылмағанын білеміз. Бюджеттік адвокация – бұл нақты адвокация саласы емес, қаржыландыру және қаржыны бақылау саласы. Сондықтан біз спикер ретінде Жанат Нұрғалиевті таңдадық, ол – экономист, осы тақырыптағы көптеген жарияланымдардың авторы. Бүгінгі тыңдаушылар – осы жолдан өткен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар», - деп түсіндірді «Бақытты Шаңырақ» қорының еріктісі Салтанат Ералиева. «Бюджеттік адвокация» — бұл мақсатты аудитория үшін өткізілген тренингтер сериясындағы сегізінші және соңғы семинар. Бұған дейін қор «ресурстардың жай-күйі», «әйелдер құқығы», «эмоционалды интеллект», «отбасылық қатынастар», «волонтерлік» және «азаматтық қатысу» тақырыптарында семинарлар өткізген болатын.