Елордада мүгедек балаларды асырап отырған отбасыға көмек көрсететін орталық бар
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордада мүгедек балаларды асырап отырған отбасыға көмек көрсететін орталық бар](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114535039843386.webp)
Ал «Бақытты шаңырақ» қорының еріктісі Салтанат Ералиева ұйым о баста қарапайым ғана whatsapp желісіндегі ата-аналар тобынан басталғанын ерекше атап өтті.
«Өзім осы қордың алғашқы күнінен бастап белсенді қатысушыларының бірімін. Шыны керек, о баста арнайы қор ашамыз деген жоспарымыз болған емес. Біз whatsapp желісінде ата-аналар бас қосқан топ қана болатынбыз. Бірақ белсенді кісілер көп болып, бір-бірімізге демеу болып, медеу тапқан соң ресми қорға айналып отырмыз. Қорымыз өз жұмысын бастаған соң екі орталық ашпақ болғанбыз. Бірақ карантиндік шектеулерге байланысты біреуін ғана аша алдық. Ал екіншісін ашу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазір 13 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Олар шаштараз, маникюр, педикюр болып нәпақасын тауып жүр. Ал екінші орталығымыз ашылса тағы біраз ананы жұмысқа орналастырамыз. Бұдан бөлек, жүздеген отбасыға уақытылы материалдық көмек көрсетеміз. Былтыр жаңажылдық шыршатойға балаларымызды алып бардық. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар қоғамнан шектеліп қалды. Былайша айтқанда қарайып қалды деуге болады. Бұл қор осындай аналардың заманның көшінен қалмай, алға ұмтылуына үлкен септігін тигізеді», — дейді Салтанат Ералиева.
Жиын барысында онлайн байланысқа шыққан шотландиялық Робер Сим тәжірибесімен бөлісіп, өз елінде кездескен тығырықтардан қалай шыққанын, 20 жылдан аса ұстаз болып, балалардың жанын түсінетінін айрықша атап өтті.
Айтуынша осыған дейін ата-анасынан айырылған балалар ғана шырша тойға барса былтырдан бастап ерекше қажеттілігі бар балалар да қосыла бастапты. Сонымен қатар «Бақытты шаңырақ» қорының негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесу ғана емес, олардың ата-аналарына жұмыс тауып берумен де айналысатынын тілге тиек етіп өтті.
«Өз тәжірибемізбен бөліскенде әрқайсымызда жаңа идеялар пайда болады. Осының арқасында «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы үй алғандарымыз бар. Егер бір-бірімізді осылай қамшыламағанда қазір мүгедек баламмен пәтер жағалап жүрер едік», — деп Салтанат Ералиева сөзін тәмамдады.
«Ерекше қажеттілігі бар балаларды асырап отырған соң жасыратыны жоқ қоғамнан тыс қалғанбыз. "Кемедегінің жаны бір" демекші бәріміз жабылып жүріп өткен жазда осы қорды аштық. Біздің арамызда шетелдерде оқып келген аналар да бар. Бірақ тағдырдың басқа салғаны сол мүмкіндігі шектеулі баласымен үйінен шыға алмай қалды. Ал «Бақытты шаңырақтың» ерекшелігі мұнда кілең аналар ғана бас қосып отыр. Осы ұйым арқылы өзіміздің қиындықтарымызды билікке жеткізіп отырмыз. Өз басым жеті жылдан аса мүгедек баламмен үйде отырып, қарайып қалдым. Осы қорды ашқалы өмірім күрт өзгерді», — дейді қор мүшесі Роза Саменова.