Елбасының білім беруді жаңғырту мен цифрландыру саласындағы еңбектері бейнеленген альбом таныстырылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елбасының білім беруді жаңғырту мен цифрландыру саласындағы еңбектері бейнеленген альбом таныстырылды
ашық дереккөз

– Адамның парасаты бойындағы білімі мен дағдысымен ғана емес, жеке қасиеттері мен құндылық бағдарымен бағаланады. Қазіргі ақпараттық кезеңде елдің дамуы да ұлттың зияткерлік әлеуетіне тікелей байланысты болып отыр. Елбасы жолдауларының басты постулаты осы ақиқатқа негізделеді. Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне жаңа ұғымдар енген соң тың мақсаттарды жүзеге асыру ісі жаңа көзқарастарды қажет етті. Осы тұста Нұрсұлтан Әбішұлы жастардың ақыл-қайратына сенім артып, олардың әлеуетін жақсартуға қолайлы жағдай жасады. Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің күрделі экономикалық жағдайына қарамастан, білім мен ғылым салалары жіті бақыланды. Білім беру жүйесі реформасының негізі қаланды. Мектепке дейінгі білімнен бастап білім беру саласының барлық мәселелері қарастырылды. Нәтижесінде еліміз экономиканың, саясаттың және қоғамдық қатынастардың түрлі салаларындағы интеграциялық процесстерге көбірек тартыла бастады. Назарларыңызға ұсынылып отырған альбом – бұл жұмыстардың айқын көрінісі, - деп іс-шараны Astana IT University ректоры, техника ғылымдарының докторы Дархан Ахмед-Заки ашты. – Аталмыш басылымды құрастырған ғалымдардың саладағы бағыты әрқилы болғанымен, мүддесі бір. Елбасының бастамаларын жүйелі бейнелейтін альбомның жарық көруі – ортақ еңбегіміздің жемісі, - деді Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов. – Тұңғыш Президентіміз алдыңғы қатарлы мемлекеттермен бірдей экономикалық көшбасшылыққа қол жеткізуде цифрлы технологияларды игеру мен енгізудің маңыздылығын тілге тиек ететін. Қызығы, оқыту әдістемесін жаңғырту мен білім берудің онлайн-жүйесін дамыту қажеттілігін Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы болжаған: «Еліміздегі білім беру жүйесіне инновациялық шешімдерді, тиімді әдістер мен құралдарды енгізіп, қашықтан үйрену мен онлайн оқуды ниет танытқан азаматтарға қолжетімді етуіміз шарт», - деді ол. – Елбасы кітапханасы мен Astana IT University құрастырған альбомнан Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған бастамалардың бәрі адамзат әлеуетін жаһандық бәсекеге қабілетті етуге бағытталғанын түсініп, еліміздегі білім беру жүйесінің жер-жаһан трендтерімен тұспа-тұс дамып келе жатқанын аңғаруға болады. Басылым Елбасының стратегиялық болжамын айқын мазмұндайтындықтан, өскелең ұрпаққа құнды дерек болмақ. Оның негізінде жастардың патриоттық сезімі артады деген ойдамыз, - деп  іс-шараның қадірлі қонағы, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің кеңесшісі, саяси ғылымдардың докторы Амантай Нұрмағамбетов пікір бөлісті. Тұсаукесер барысында Елбасы кітапханасы мен Astana IT University ынтымақтастық меморандумына қол қойды. – Елбасы кітапханасымен қолға алған жобаның бүгінгі тұсаукесері – қос мекеме арасындағы серіктестіктің бастамасы. Оның негізінде біз Қазақстанның қалыптасуы мен даму тарихынан сыр шертетін ғылыми-зерттеу, мәдени-танымдық жобаларды көбейтпекпіз, - деді Д.Ахмед-Заки.