Димаш Құдайберген «Виктория-2020» премиясында өнер көрсетті
Биыл коронавирус пандемиясына байланысты салтанатты рәсім ерекше форматта өтуде. Алғаш рет көрермендер болмады. Шара басталмас бұрын журналистер қызыл кілемге жарқырап шыққан жұлдызды қонақтарды қаумалап алды. Көңілдері көтеріңкі, ерекше атмосфераны сезінген әншілердің барлығы сахна мен өздерінің сүйікті көрерменін сағынатындарын айтты. Қызыл кілемге Филипп Киркоров, Сергей Лазарев, Олег Газманов, Артур Пирожков және басқа да танымал әншілер шықты. Олардың қатарында Димаш Құдайберген де бар. Ол «Виктория-2020» сыйлығының “Үздік поп-орындаушысы» номинанты атанды. «Біз Димаштың осындай белді сыйлыққа ұсынылғанына өте қуаныштымыз және ол атақты әртістермен қатар шараға қатысады. Іс-шара көрерменсіз, тек телевизиялық форматта өтетіні өкінішті», – деді әншінің продюсері және әкесі Қанат Айтбаев. Қызыл кілемде "Виктория" сыйлығын ұйымдастырушылардың бірі Игорь Крутой салтанатты рәсімде шектеулерге қарамастан өзінің оптимистік ұстанымын көрсетті. «Біз Премияны мұндай форматта алғаш рет ұйымдастарып отырмыз. Бірақ әсер керемет, көңіл-күй көтеріңкі», – деді композитор. Шара кезінде Димаш композитор Игорь Крутойдың әні, мәтінін әлемге әйгілі әнші Лара Фабиан жазған Your Love әнін орындады. Айта кетсек, “Виктория-2020” премиясының толық нұсқасын 18 желтоқсан күні “Россия-1” арнасынан көруге болады.