Елордадағы мектеп кітапханасы жаңа кітаптармен толықты

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордадағы мектеп кітапханасы жаңа кітаптармен толықты
ашық дереккөз

Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы мен «30 игі іс» акциясы аясында өтті. «Бұған дейін мектеп директоры Ербол Ісләмұлының ұсынысымен осы мектептің кітапханасында «Рухани жаңғыру» бұрышын ашқан едік. Балалардың кітапқа деген қызығушылығын оятуға мектеп кітапханасының қосар үлесі зор. Сол себепті жаңа мектепте жаңа кітаптар көбірек болсын деп үш тілде жазылған 30 кітап сыйлап отырмыз. Алдағы уақытта бұл игі іс өз жалғасын табады деген сенімдемін», - деді «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі директорының орынбасары Жазира Нариманқызы. Кітаптардың барлығы «Рухани жаңғыру» жобасы аясында туған өлкеміздің тарихи және мәдени мұрасын кеңінен таныстыру үшін шығарылған. Соның ішінде «Қасиетті Қазақстан» кітабына еліміздің киелі жерлері, қасиетті орындары мен ұлттық кұнды мәдени мұралары енгізілген. «Кітапханамыз заманауи үлгіде жабдықталған. «Оқуға құштар мектеп», «Оқуға құштар ұлт» жобасы аясында қазір мектебімізде «Кітапханаға кітап сыйла» акциясын ұйымдастырдық. Бұған дейін мектеп директоры Ербол Ісләмұлы жеке кітапханасынан 250 кітап, көрнекті қаламгеріміз Тұрсын Жұртбай 18 кітап сыйға тартты. Сондай-ақ ұлттық университеттерден жалпы 300-дей кітап келіп түсті. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің сыйға тартқан кітаптары оқушыларға рухани азық болары сөзсіз», - деді мектеп кітапханашысы Гүлнар Аманжолова.

Көктем ҚАРҚЫН