ИИДМ: Назарбаев университетінің студенттері автожол жобаларындағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысуға ниет білдірді
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![ИИДМ: Назарбаев университетінің студенттері автожол жобаларындағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысуға ниет білдірді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114539518500987.webp)
Шараға ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сатжан Аблалиев, Назарбаев университетінің антрополог-археологы Дэниел Пью, Дүниежүзілік банк және Азия даму банкінің төрағалары, сондай-ақ, «Археологиялық сараптама» компаниясының жетекшісі қатысты. Қазақстанда ірі автожол жобалары әлеуметтік, мәдени және экологиялық мәселелерге баса мән беретін халықаралық қаржы институттарының қатысуымен іске асуда. Комитет төрағасының орынбасары Сатжан Аблалиев елімізде 10 жылдан астам уақыт бойы автожолдарды жобалау кезеңінде лицензияланған компаниялармен арнайы археологиялық шаралар жүргізілетінін баса айтты. Осының арқасында мәдени мұралар табылып, сақталуда. Халықаралық қаржы институттарының өкілдері археологиялық жәдігерлерді тапқан жағдайдағы іс-әрекеттер алгоритмін айтып түсіндірді. Мәселен, 2013 жылдан бастап «Археологиялық сараптама» компаниясы республикалық маңызы бар жолдарды салу мен реконструкциялау жобаларында 25 археологиялық қазба мен ғылыми-зерттеу жүргізген. Өз кезегінде антрополог-археолог Дэниел Пью өзінің түрлі мемлекеттерде ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысындағы археология ескерткіштерін сақтаудың тәжірибесімен бөлісті. Автомобиль жолдары комитеті мен Назарбаев университетінің профессоры қазақстандық автожол жобаларында жүргізілетін археологиялық қазба жұмыстарына аталған білім ордасының студенттерін қатыстыруға ниет білдірді. Бұдан бөлек, археологиялық зерттеулер механизмін жетілдіру, барлығына қолжетімді болатындай археологиялық ескерткіштер жайлы бүкіл ақпарат шоғырландырылған бірегей платформа құру мәселелері көтерілді.