00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Биыл Қазақстанда 18 млн тонна астық жинау жоспарланған

14 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Биыл Қазақстанда 18 млн тонна астық жинау жоспарланған
ашық дереккөз

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020 жылғы егін жинау жұмыстарының барысы қаралды, деп хабарлайды Елорда Инфо. Егін жинау науқанының басталуы туралы ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету туралы энергетика министрі Н.Ноғаев, өңірлердегі ахуал туралы Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек баяндады. Қазіргі уақытта барлық өңірлер жаппай егін жинауға кірісті. Биыл 22,7 млн га жерге егін егілді, бұл 2019 жылғы деңгейден 439 мың га жерге артық. Дәнді дақылдар 15,9 млн га (оның ішінде бидай – 12,1 млн га), майлы дақылдар 2,9 млн га, мақта 125,8 мың га, қант қызылшасы 20,9 мың га, көкөніс-бақша өнімдері және картоп 457,4 мың га, жемшөп дақылдары 3,3 млн га алқапқа егілді. Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған дизель отынының қажетті көлемі — 395 мың тонна (ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға — шамамен 147 теңге/литр) анықталды. Республикада 145 мың трактор, 75 мың трактор тіркемесі, 38 мың астық жинау комбайны, 15 мың дестелегіш, 39 мың жүк автомобилі бар. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ республикалық бюджеттен 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлді, олар 3,4 млн га егіс алқаптарын қамти отырып, толығымен АӨК-тің 2400 субъектісіне берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 100 млрд теңге бөлінді, сондай-ақ Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық түрде сатып алды. «Үкімет тарапынан егін жинау жұмыстарын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдер қабылданды. Жалпы алғанда, қабылданған шаралардың есебінен осы жылы астықтың болжамды жалпы жиналымы 18 млн тонна деңгейінде (2019 жылға қарағанда 3,4% өсім) жоспарланып отыр. Қазақстан өзін астықпен толық қамтамасыз етеді. Экспорт әлеуеті де жақсы болады», — деді А.Мамин. Үкімет басшысы астық жинауды сапалы әрі уақытылы жүргізу, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету, сонымен қатар жиналған өнімді уақытылы қабылдау және тиісті сақтау жағдайларын ерекше бақылау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.