00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«QAZAQSTAN KONSTITÝSIASYNA 25 JYL» коллекциялық монеталарын айналысқа шығару туралы

14 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«QAZAQSTAN KONSTITÝSIASYNA 25 JYL» коллекциялық монеталарын айналысқа шығару туралы
ашық дереккөз

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мельхиор қоспасынан номиналы 200 теңгелік және нейзильбер қоспасынан номиналы 100 теңгелік «QAZAQSTAN KONSTITÝSIASYNA 25 JYL» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады. Монеталарды шығару Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орайластырылған, деп хабарлайды Елорда Инфо. Монеталардың бет жағында орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Сол және оң жағында - ұлттық ою-өрнек элементтері. Нейзильберден жасалған монетаның төменгі бөлігінде номиналын білдіретін «100 TEŃGE» жазуы бар, ал мельхиордан жасалған монетаның астында «200 TEŃGE» жазуы орналасқан. Айналдыра «QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазбалар бар. Монеталардың сыртқы жағында (реверсінде) елдің негізгі заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясын бейнелейтін ашылған кітаптың айшықты бейнесі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы бар. Жоғары жағында соғылған жылын білдіретін «2020» деген жазба бар. Айналдыра «QAZAQSTAN KONSTITÝSIASYNA» және «25 JYL» деген жазбалар бар. «Рroof-like» сапалы монеталар МН 25 мельхиор қоспасынан, массасы 15 грамм, диаметрі 33 мм, номиналы 200 теңгелік, таралымы 3000 данада дайындалды. Монеталарда алтындату технологиясы қолданылған. «Uncirculated» сапалы монеталар МНЦ 15-20 МНЦ 15-20 қоспасынан, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, номиналы 100 теңгелік, таралымы 50 000 данада дайындалды. Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Номиналы 200 теңгелік және 100 теңгелік коллекциялық монеталар төлемдердің барлық түрлері бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың белгіленген құнымен қабылдануға, сондай-ақ банк шоттарына есепке алынуға және аударылуға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Мельхиор қоспасынан дайындалған монеталар кәдесыйлық орамда шығарылады. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.