00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Жол жөндеу жұмысы өте сапалы орындалуы тиіс – Алтай Көлгінов

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жол жөндеу жұмысы өте сапалы орындалуы тиіс – Алтай Көлгінов
ашық дереккөз

Ұзаққа созылған қыс мезгілі аяқталып, абаттандыру маусымы басталды. Елордада әдетте жылыту маусымы шамамен 8 айға созылады. Қазір қаланың барлық ауданында санитарлық тазалау жұмыстары басталып кетті: көпірлерді, қоршауларды, жол белгілерін жуу, көшелерді қоқыстан тазалау және т.б.

Негізгі бағыттардың бірі – жол салу және жөндеу. Бүгін қаланы аралау барысында тұрғындар жиі жүгінетін бірнеше орынға бардым. Мәселен, А.Бектұров, Мұхамедханов, Қ.Қайсенов, Қабанбай батыр көшелері, Венский квартал, «Zam Zam» тұрғын үй кешендерінің ауданы, Binom мектебі және т.б. Қала тұрғындарының шағымдары орынды. Жол жөндеу жұмыстары елорданың барлық ауданында жүргізіледі.

Бірінші. Жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелердің тізіміне адам көп жүретін, жаңа әлеуметтік нысандар (мектеп және т.б.) орналасқан, сондай-ақ салынып жатқан аудандарды қосуды тапсырдым.

Бір айта кетерлігі, құрылыс жүріп жатқан аудандарда жол жоба бойынша салынып жатыр: алдымен инженерлік желілер толық салынады, содан кейін барып қана негізгі асфальт төселеді. Ал оған дейін жүруге жарайтын уақытша жол салынады.

Екінші. Жол жұмысы кезінде қаланың оң жақ бөлігі мен елді мекендерге көңіл бөлеміз. Себебі елді мекендерде қаламыз ел астанасы болғалы асфальт көрмеген жолдар бар. Соңғы жылдары 300 көшені жөндеп, салдық.

Үшінші. Біз үшін қала тұрғындарымен өзара байланыс орнату маңызды. Өздеріңіз білетіндей, былтыр біз Birge платформасын іске қостық. Бұл платформаға тұрғындар қаланы түрлі бағытта дамыту бойынша ұсыныстар жібереді. Сол сияқты жобаларға дауыс беріп, олардың арасындағы ең жақсысын таңдайды. Үздік жобалардың бір бөлігін біз іске асырдық, – деп жазды А.Көлгінов.

Қала тұрғындары Birge платформасы арқылы жол инфрақұрылымы мәселелеріне қатысты жүгіне алады. Сол сияқты әкімдіктің, оның ішінде аудандық әкімдіктердің әлеуметтік желілері арқылы да жүгінуге болады.

Өз кезегінде мамандарымыз зерттеп, тиісті шаралар қабылдау үшін жұмысқа алатын болады.

Төртінші. Жоғарыда айтылғандарды ескерер болсақ, тиісті басқарма мен жол ұйымдарына жауапты әрі ауыр міндет жүктеледі. Климаттық жағдайларға байланысты қаламызда абаттандыру уақыты қысқарады.

Тиісінше созылып жүруге әрі сапасыз жұмысқа жұмсайтын уақыт жоқ. Жол жөндеу жұмысы өте сапалы орындалуы тиіс. Сапасыз жұмыстарды қабылдамаймыз. Ал тиісті деңгейде орындалмаса сотқа береміз, олқылықтарды өз есебінен жөндейтін болады, – деді елорда әкімі.