«Халық қатысатын бюджет»: Байқоңыр ауданының тұрғындарынан өтінім қабылдау басталды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Халық қатысатын бюджет»: Байқоңыр ауданының тұрғындарынан өтінім қабылдау басталды
ашық дереккөз

«Жобаның басты мақсаты – аудан тұрғындарының ұсыныстары негізінде ауданды дамыту және абаттандыру. Жобаға кез-келген аудан тұрғыны аудан аумағын абаттандыру бойынша өз идеясын ұсына алады. Егер сіздің жобалық ұсынысыңызды дауыс беру процесінде басқа тұрғындар қолдаса, ол жоба қалалық бюджет есебінен ағымдағы жылы жүзеге асыруға ұсынылады», делінген аудандық әкімдіктің instagram желісіндегі ресми парақшасында. Жалпы жобаны жүзеге асырудың 3 кезеңі бар. Біріншіден, сайт арқылы тұрғындардан ұсыныстар жинақталады. Яғни, тұрғындар аудан әкімі аппараты құзыретіне кіретін аумақты абаттандыру жобасын ұсына алады. Жобаға ауданда тіркелген кез-келген азамат қатыса алады. Жобаның талаптарына сәйкес, жинақталған ұсыныстар аудан әкімдігі тарапынан құрылған Сараптамалық кеңеске ұсынылады. Сараптамалық кеңес жобалар тізбесін іріктеп, дауыс беру үшін сайтқа орналастырады. Дауыс беру нәтижелері бойынша көп дауыс жинаған жобалар аудан әкімдігі арқылы жүзеге асырылатын болады. Жобалық ұсыныстар бойынша өтінімдер «Байқоңыр» ауданы әкімі аппаратының WWW.BAIKONYR.ASTANA.KZ ресми интернет-ресурсындағы «Халық қатысатын бюджет» бөлімінде қабылданады.