«Махамбеттің жас ұрпақтары!» атты әдеби-музыкалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![«Махамбеттің жас ұрпақтары!» атты әдеби-музыкалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112293734417987.webp)
Жауынгер ақын Махамбеттің ұлы мұрасын қайта жаңғырту мақсатында жыл сайын елордада дәстүрлі түрде Махамбет оқулары өткізіліп келеді. Бұл күні астаналық мыңдаған оқушы ақын жырларын жатқа оқиды. Аталмыш байқау 2016 жылдан бері республикалық деңгейде өткізіледі. Осылайша Махамбеттің жас мұрагерлері мен ізбасарлары еліміздің түкпір-түкпірінде ұлы батырдың шығармашылығын дәріптеуде.
Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының концерт залында өткен мерекелік бағдарлама «Махамбет» фильмімен ашылды. Одан ары байқау жеңімпаздары шараны театрландырылған алғысөзбен жалғастырды. Марапаттау рәсімі төрт бөліктен тұрды. Ең әуелі топ жарған I, II, III орын иегерлерін, содан кейін номинацияға ие болған қатысушыларды марапаттады.
Еске сала кетсек, «Махамбеттің жас ұрпақтары!» байқауының аймақтық деңгейі онлайн форматта өткен еді. Сайысқа қатысуға Нұр-Сұлтан, Өскемен, Қостанай, Петропавл қалалары мен Алматы облысы, Павлодар облысы, Батыс Қазақстан облысы, Ақмола облысынан 50-ден астам ұжым қатысуға өтінім берген. Ал марапаттау кеші санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып өткізілді.
Көктем ҚАРҚЫН