Нұркен Өтеуілов астанадағы жасөспірімдер театрына Жақып Омаровтың атын беруді ұсынды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Нұркен Өтеуілов астанадағы жасөспірімдер театрына Жақып Омаровтың атын беруді ұсынды
ашық дереккөз

«Жалпы, қай ұлт болмасын, сол елде руханият саласы бірінші орында тұрмаса, ол жерде басқа салалардың алға баспайтыны белгілі. Руханияттың ішіне мәдениет, өнер, тіл – барлығы да кіреді. Әлихан Бөкейханның «Елді басқару білімнен емес, мінезден» деген сөзінің астарында не жатыр? Мінез дегеніміз – рух. Сондықтан рухты азаматтар көп болуы керек. Алайда қазір мінезді басқамен шатастыратындар көп», - деді Нұркен Өтеуілов.

Сонымен қатар ол бұл кездесуге шақырғаны үшін ұйымдастырушыларға өзінің ризашылығын білдірді. «Шерхан Мұртаза «Театр көбейсе, түрме азаяды» деп айтқандай, қазіргі уақытта жаңа театрлардың ғимараттары салынып жатыр, шүкір. Расында да ұлттың тұлғалаларын киелі сахнадан сөйлететін бірден-бір орын ол – театр. Ал елордадағы қазіргі жасөспірімдер театрын кезінде 1991 жылы режиссер Жақып Омаров Әшірбек Сығай сияқты ағаларымызбен бірге табан ет, маңдай терін төгіп жүріп ашқан еді. Биыл ол кісінің 80 жылдығы. Соған орай осы театрға Жақып Омаров ағамыздың аты берілсе деген ұсынысымыз бар. 1991 жылдан бері сол театрда қаншама ұрпақ тәрбиеленді. Біздің өзіміз 1998 жылы келдік. Содан бері осындағы жұртшылыққа Алаш арыстары кеңінен насихатталды. Ол кезде қаладағы қазақ тілінің деңгейі нашар еді. Ұлттық руханиятымыздың негізі қалыптасты. Соның басы-қасында Жақып Омаров ағамыз жүрді. Сондықтан ол кісінің есімін жасөспірімдер театрына беруге әбден лайық деп ойлаймын. Осыны назарларыңызға алсаңыздар», - деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері мәслихат депутаттарына.