Сарыарқа ауданында «Қысқы көңілді старт» эстафетасы өтті
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Сарыарқа ауданында «Қысқы көңілді старт» эстафетасы өтті](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112350048516192.webp)
Әкімдік алаңы алдындағы мұз айдыны демалыс орнына келген елордалық кішкентай бүлдіршіндер эстафета жарысына қатысып, ұйымдастырушылар тарапынан берілген сыйлықтарға ие болды.
Жарыс барлық санитарлық нормалар мен қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, нұсқаушылардың бақылауымен жүргізілді.
Көңілді старт бағдарламасында: допты хоккей эстафетасы, кім жүйрік, Капитандар сайысы, Ватрушкалар және допты эстафета жарыстары ұйымдастырылды.
"Бүгін міне қалалық әкімдік алаңы алдында Сарыарқа ауданының балалары арасында көңілді старт жарысын ұйымдастырдық. Балапандардың ата-аналары өз алғыстарын білдіріп жатыр. Біз осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұрамыз. Жалпы эстафеталық ойындардан тұратын жарыстың басты мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, елордалық балалар арасында достықты насихаттау", - деді өз сөзінде Сарыарқа ауданының спорттық іс-шарасының ұйымдастыру жетекшісі Гүлзат Каримова.
Сонымен қатар, аптаның әр сенбі жексенбі күндері конькимен сырғанау және шаңғымен үйрету сабақтары да бар. Конькимен сырғанау тегін сабағы бүгін әдеттегідей Сарыарқа ауданындағы екі жерде өтті. Бірі қалалық әкімдік алаңында сағат 11:00-ден 12:30-ға дейін өтсе, екінші тегін сабақ Көктал паркінде түскі сағат 15:00-ден 16:30 аралығында өтті.
"Алдағы аптаның ауа райы қолайлы болса, келер аптада тегін сабақ өз жалғасын таппақ", - деді ұйымдастырушы тарап.