«Балансқа беру керек»: Алтай Көлгінов канализация мәселесін шешуді тапсырды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Балансқа беру керек»: Алтай Көлгінов канализация мәселесін шешуді тапсырды
ашық дереккөз

Виталий есімді «Көктал» тұрғын алабының тұрғыны қаланың балансындағы сыртқы коллекторлар туралы мәселені көтерді. «Мен «Көкталда» орналасқан тұрғын үй кешенінің басқарушысымын. Кешен Тілендиев даңғылы, 52/2 мекенжайында орналасқан. Бізде сыртқы коллекторлардың тоқтап қалу жағдайы жиі кездеседі. Осыған байланысты жертөлелердегі апаттық жағдайлар үнемі болып тұрады. Одан кейін оны тазалау, қалыпқа келтіру қиынға соғады. Сыртқы коллектор тоқтаған сайын біз құзырлы органға хабарласамыз. Бірақ желінің қаланың балансына берілмегені туралы жауап естиміз. Біздің желілеріміз суды дұрыс ұстамайтындықтан және жертөледе де су тамшылап тұратындықтан, тұрғын үй кешені шығынға батып жатыр. Арқалық көшесіндегі сыртқы желілер қашан «Астана Су Арнасының» балансына беріледі?» - деді ТК басқарушысы. Өз кезегінде қала әкімі Алтай Көлгінов мұндай мәселемен қаланың алғашқы тұрғыны жүгініп тұрмағанын, сондықтан «Астана Су Арнасының» мамандарымен бірге тиісті жұмыстарды ұйымдастыру керектігін атап өтті. «Бұл жерде «Астана Су Арнасы», Отын-энергетикалық кешені басқармасы, Көлік жолдары басқармасы және аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Солтанбеков нысанға баруды ұйымдастыру керек. Канализация бойынша бір ғана адам сұрақ қойып тұрған жоқ. Егер баланста болмаса, мәселені реттеп, балансқа беру керек. Неге ол баланста жоқ? Бұдан кейін канализация бойынша мәселе туындамайтындай мәселені түбегейлі шешу керек», - деді әкім. Сонымен қатар Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен орынбасары Александр Марченкоға «Астана Су Арнасы» мамандарымен бірге аталған мекенжайға жұмыс тобын жіберуді ұйымдастыруды тапсырды.