«30 игі іс»: Елордалық еріктілер жалғызбасты зейнеткерге көмір түсіріп берді
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![«30 игі іс»: Елордалық еріктілер жалғызбасты зейнеткерге көмір түсіріп берді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112454431900377.webp)
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елордада «30 игі іс» ұранымен әлеуметтік қайырымдылық іс-шаралар жалғасуда. Шараның басты мақсаты – көмекке мұқтаж қала тұрғындарына қол ұшын созу. "Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ қамқорлыққа мұқтаж адамдарға әрдайым көмектесуге дайын. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлер мен ардагерлерге көмек көрсету дәстүрге айналды. Бүгін еріктілер орталық жылусыз жеке үйде тұратын жалғызбасты зейнеткерге көмір түсіруге атсалысты. Науқан аясында 2020 жылдан бастап еріктілер мұқтаж отбасылардың біріне үй жөндеуге жәрдемдессе, енді біріне қар тазалауға, зейнет жасындағы адамдарға қыста отын жаруға, Полиция департаментімен бетперде таратуға атсалысып келеді. Алдағы уақытта науқан аясында басқа да игі шаралар өткізу жоспарымызда бар", - деді «Астана жастары» КММ басшысының орынбасары Аян Бауыржанұлы. Қарт адамдарға көмектесіп, олардың бір жағына шығысу - жастар үшін абыройлы іс. Үлкендердің батасы ертеңгі күнге сенімділік ұялатып, рухани күш береді. "42 жыл қалалық емханада жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Күйеуімнен айырылғаныма 3 жыл болды. Ал балаларым өз бетінше жұмыс істеп кеткен. Қазір жалғыз тұрып жатырмын. Осы жылға дейін ешкімнен көмек көрмедім. Ал биыл еріктілер ауламдағы қарымды шығарып, көмір түсіріп жиі келіп жағдайымды біліп тұрады. Жастардың осындай қамқорлығы мен жанашырлығына ризамын", - дейді қала тұрғыны Лидия Ивановна.
Көктем ҚАРҚЫН