Суға құлап кеткен балаларды құтқарған елорда тұрғындары марапатталды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Суға құлап кеткен балаларды құтқарған елорда тұрғындары марапатталды
ашық дереккөз

Өзенге құлап кеткен 8 жастағы ұл баланы оның екі әпкесі көмектеспек болып әрекет жасаған. Жанталасып, өмірмен күресіп жатқан балаларды байқаған үш азамат жасөспірімдерді құтқарып алған. Олардың бұл ерлігінің құрметіне ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында марапаттау рәсімі өтті. Қала басшысының алғыс хатын оларға Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ақұлан Тастемір табыстады. [caption id="attachment_59745" align="alignnone" width="800"] Фото: Сұлтан Сейітов/Elorda Aqparat[/caption] «Балаларды құтқаруға барған істеріңіз – нағыз ерлік. Адамды құтқару үшін бұлай әр адам мұзды суға түспейді. Жастарымыздың арасында да сіздер сияқты ержүрек азаматтардың бары қуантады. Біз осындай батыл да отансүйгіш ұлдарды тәрбиелеген ата-аналарыңызға алғысымызды білдіреміз», - деді ол. Сонымен қатар құтқарылған балалардың отбасына атаулы көмек көрсетілетінін атап өтті. Бауыржан Мұқышев 12 қаңтар аязды күні өрт сөндіру бөліміне жұмысқа тұруға барған. Сарыбұлақ өзенінің маңынан өтіп бара жатқанында балалардың айқайлаған дауысын естіген. «Балалардың айқайлаған даусын естіген бойда дауыс шыққан жаққа жүгіріп бардым. Сол кезде ұл баланың көпір астындағы суға құлап кеткенін, оны ағызып кетпес үшін екі қыз баланың оны ұстап тұрғанын көрдім. Ұл баланы судан алып шығып едім, екі аяғын баса алмай тұрды. Өзімнің сырт киімімді шешіп, оған жаптым. Мен де жалғыз болғандықтан көмек сұрап айқайладым», - деді Бауыржан. Қуаныштарына орай сол маңға жақын жерде Нариман Секен мен Ержан Шекенов те жүрген екен. Жігіттер дауысты естіген соң жүгіріп барып, қол ұшын созған. Балаларды үйлеріне жеткізісіп, жедел жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсеткен. «Сол күні қатты аяз болды. Балалар суға мектепке ұстайтын рюкзактарымен болды. Олардың киімдері малмандай су болған. Ұл баланың бәтеңкесінің әрқайсысының өзі 5 келіден болған сияқты», - деді Нариман Секен жағдайды толығырақ айтып. Құтқарылған үш баланың үйінде олардан бөлек үш бала бар болып шықты. Аналары жетінші балаға аяғы ауыр екен. [caption id="attachment_59746" align="alignnone" width="800"] Фото: Сұлтан Сейітов/Elorda Aqparat[/caption] Жігіттер өздерінің бұл істерін ерлікке баламайтындықтарын айтады. Басқаларға көмектесуді ата-аналары бала кезден бойларына сіңірген. Олардың орнында басқа адамдар болса да солай істейтінін айтты құтқарушылар. «Біз тек керек уақытында керек жерде болдық. Бастысы балалардың денсаулығы мықты болсын. Мен де жігіттер сияқты өз ісімді ерлік деп санамаймын. Осылай әр саналы азамат істеуі керек», - деді Ержан Шекенов. [caption id="attachment_59747" align="alignnone" width="800"] Фото: Сұлтан Сейітов/Elorda Aqparat[/caption]