Нұр-Сұлтандағы дәмханалар мен мейрамханаларға карантиндік қатаң талаптар қойылды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Нұр-Сұлтандағы дәмханалар мен мейрамханаларға карантиндік қатаң талаптар қойылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112492510017696.webp)
Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың қаулысына сәйкес, елорда тұрғындары арасында коронавирус инфекциясы ауруларының көбеюіне байланысты СОО мен қоғамдық тамақтану нысандары шектеу шараларын қатаң сақтаған жағдайда ғана жұмыс істейтін болады. Сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері, сауда орталықтары санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, жұмыс істейді. Жұмыс күндері сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін келушілерге есіктері айқара ашық болатын сауда нысандарында демалыс күндері тек сол ғимараттардың ішінен орын тепкен дәріханалар мен тамақ өнімдері және бірінші қажеттіліктегі заттарды сататын шағын маркеттер, супермаркеттер және гипермаркеттер ғана жұмыс істейтін болады. Ал фудкорттардан тағамды тек өзімен алып кетуге рұқсат етіледі. Сонымен қатар курьерлік жеткізу қызметі ұсынылады. Қоғамдық тамақтану нысандарында (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) орналасқан жеріне қарамастан, жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін залда келушілердің болуына тыйым салынады. Олардың жұмыс кестесі күнделікті сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін белгіленді. Оның өзінде де 30 орыннан артық қонақ қабылданбайды. Бұл ретте ұжымдық, отбасылық салтанатты мерекелер мен еске алу (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) және басқа да бұқаралық іс-шараларын өткізуге қатаң тыйым салынады. Карантиндік және шектеу шараларын бұзу фактісі орын алған кезде нысанның жұмысы тоқтатылады. Сонымен қатар бильярд, караоке, боулинг-орталықтар, батуттар, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, букмекерлік кеңселер мен ойын клубтары, оның ішінде лотереялар ұтысы, жабық ғимараттардағы ойын алаңдары мен аттракциондардың жұмысына да тыйым салынады. Айта кетсек, елорда коронавирус бойынша «қызыл» аймаққа енді. Бұған дейін хабарланғандай, эпидемиологиялық жағдайға байланысты және Нұр-Сұлтан қаласы бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, биыл крещение мерекесіне арналған дәстүрлі жаппай шомылу өткізілмейді.