Елорданың төріне құрақ көрпе түрінде тоқылған экошырша орнатылды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елорданың төріне құрақ көрпе түрінде тоқылған экошырша орнатылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112779938871162.webp)
Ерекше шыршаны безендіруге еліміздің барлық шеберлері, зейнеткерлер, қарттар үйі, қоғамдық қорлар, әлеуметтік кәсіпкерлер мен қолөнершілер қатысты. Мектептің қамқоршылық кеңестерінің қолдауымен елорданың 30 мектебінің оқушылары мен олардың ата-аналары, мұғалімдері жұмылдырылды. Нұр-Сұлтан қаласы мен оның маңынан, Алматыдан, Петропавлдан, Ақтөбеден, Тараздан, Қарағандыдан тоқылған шаршыларды жинап, құрақ көрпе нақышында біріктіріліп, шырша түріндегі металл конструкцияға кигізілді. Бұл арт-нысан былтырғыға қарағанда екі есе биік. Жаңа жылдық шыршаға ұзындығы 70 000 метрден 70 келіден аса иірілген жіп жұмсалған. Бұл халықтық жоба елорда мен еліміздің басқа да қалаларының тұрғындарын біріктірді. Сонымен қатар аталған жобаға Ресей мен Өзбекстан елдірінің де шеберлері ат салысқан. «Кішкентай балалар тоқыманы қайдан үйренуді білмесе, қарттарымыз өзі білетінін қалай үйретуді білмейді. Соны қалай бастау керектігін өзімнен бастадым. «Бәйтерек» монументінде тегін шеберлік сабақ өткіздік. Мұндағы мақсат ерікті ретінде адамдарды ортақ іске біріктіру. Былтыр 50 адам жасасақ, биыл бұл жұмысқа 200-дей адам жұмылды. Олардың ең жасы кішісі 3-те болса, ең үлкені – 82-дегі әжеміз. Велюр жібі біздің бала кезіміздегі әжелеріміздің өз қолдарынан жасаған жұмсақ құрақ көрпені еске түсіреді. Біз Қазақстан тұрғындарының аялы алақандарының жылыуын біріктіргіміз келеді. Экошыршамызға көрік бере отырып, елорда тұрғындарына жаңа жылдық көңіл-күй мен қаламызға әсемдік ұялатқымыз келеді. Әрқайсымыздың көкейде жүрген арманымызды орындасын», - деді жоба авторы, әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мукушева. Оның айтуынша, бұл жобаға Алтынай Жорабаева, Тамара Асар сынды елімізге белгілі өнер майталмандары да өздерінің тілектестіктерін білдіріп, қолдау көрсеткен. Сондай-ақ 30 игі іс акциясы аясында волонтерлер, қарттар үйіндегі әжелер тоқыған жылы шұлықтар, ойыншықтар, қолғаптар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға таратылмақ. «Бұл – еріктілік жұмыс. Былтыр экошырша биіктігі 3 метр болса, биыл 6 метр болды. Сол сияқты өткен жылы осы шараға 50 адам атсалысса, биыл 200 адам қатысты. Алдағы уақытта экошыршаны бұдан да биік жасауға тырысамыз. Ауқымы кеңейе түседі деп ойлаймын. Осылайша, біз ата-бабадан өсиет болып қалған дәстүрімізді де әлемге паш еткіміз келеді. Осы жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен қала әкімдігіне алғысымызды білдіреміз», - деді жоба авторы. Айта кетсек, экошырша «Астана Бәйтерек» монументіне «Нұр жол» (Ақ Мешіт көшесі жағынан) желекжолының бойында орнатылды.