Жаңа кодекс салықтық әкімшілендіруді жаппай оңайлатуды көздейді

Жаңа кодекс салықтық әкімшілендіруді жаппай оңайлатуды көздейді
фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Жаңа Салық кодексінде есептілікті 30%-ға, ал салық түрлерін 20%-ға қысқарту қарастырылған. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер мен алымдарды оңтайландыру көзделген. Бұдан бөлек, салықтық әкімшілендіруге қатысты жаңа тәсілдер енгізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Бұл жаңашылдықтар туралы кәсіпкерлерге елімізде басталған ауқымды түсіндіру науқаны аясында ақпарат берілуде.

- Салықтық әкімшілендіруде де тәсілдер өзгереді. Бүгінгі күні егер салық берешегін барлық мәжбүрлеп өндіріп алу шарасы 6 АЕК шегінен бастап қолданылса, онда жаңа Салық кодексінде шара қолдану берешек мөлшеріне байланысты. Маңызды мәселе-қарыз аз болса, бизнестің барлық қызметі бұғатталмайды. Егер ол 20 АЕК-ке дейінгі соманы құраса, онда тек салық берешегінің бар екендігі туралы құлаққағыс жіберіледі. Егер сома 20-дан 45 АЕК-ке дейін болса, онда хабарлама жіберіліп, ол өтелмеген жағдайда банктік шот бойынша шығыс операциялары тоқтатылып, инкассалық өкім қойылады. Егер берешек сомасы 45 АЕК-тен асатын болса, онда сауда-саттыққа шығарылатын мүлік тізімделеді. Сондай-ақ борышкердің дебиторлары есебінен берешекті өндіріп алу жұмысы жүргізіледі, - деп Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев «Атамекен» ҰКП алаңында өткен жаңа Салық кодексіне қатысты алғашқы жария түсіндіру жұмысы кезінде айтты.


Өзін-өзі реттейтін қоғамдық тамақтандыру ұйымының төрағасы Вероника Даугалиева жеңілдетілген декларация режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің шығыстар сомасын КТС шегерімңне жатқызу мүмкіндігін сақтауды ұсынды.

Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығының атқарушы директоры Виктор Микрюков заңды тұлғаларды тіркеуді жарамсыз деп тану тәжірибесіне алаңдаушылық білдіріп, мәжбүрлеп жоюдың толыққанды рәсімін енгізуді жақтады.

Басқа қатысушылар да өздерін алаңдатқан сауалдарға мемлекеттік орган өкілдерінен толық жауап алды. Енді жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру жұмысы басқа өңірлерде жалғасады.