Республикалық бюджетке 19,6 трлн теңге түсті – қаржы министрі


2024 жылы республикалық бюджеттің кірістері 97,2%-ға орындалып, 19,6 трлн теңге түскен, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы Сенат отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.
13,5 трлн теңге меншікті кірістер құраса, кірістердің төмендеуіне бірқатар факторлар әсер еткен.
«Біріншіден, әлемдік геосаяси жағдайға байланысты кейбір өндіріс көлемінің қысқаруы мен логистикалық шығындардың өсуіне байланысты, 188 ірі кәсіпорын бойынша түсімдер 1,4 трлн. теңгеге азайды. Екіншіден, бюджет есебінен 1 трлн. 216 млрд. теңге сомасында қосылған құн салығын рекордты мөлшерде қайтару. Үшіншіден, есепті жылы негізгі экспорттық металдар бағасының құбылмалығы сақталды. Мысалы, мырыш бағасы 22%-ға, алюминий 8%-ға төмендеді. Төртіншіден, үшінші елдерден келетін импорт көлемі 2,0 млрд. АҚШ долларына азайды»,- деді Қаржы министрі Мәди Такиев.
Ал, бюджет шығыстары 98%-ға орындалып, 23,6 трлн. теңгені құраған. Игерілмеген қаражат – 526 млрд. теңгені, оның ішінде Үкімет резерві мен басқа да үнемдеу – 12 млрд. теңге.
Сонымен қатар, есепті кезеңде әлеуметтік маңызы бар бірқатар бағыттар қаржыландырылды.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтардың еңбекақысын көтеруге 93,8 млрд. теңге бөлінсе, халықтың әлеуметтік осал топтағы 4 557 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.



