00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

АЭС тұтынушыларды 60 жылдан аса сенімді энергиямен қамтамасыз етеді – инженер

6 қыркүйек, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
АЭС тұтынушыларды 60 жылдан аса сенімді энергиямен қамтамасыз етеді – инженер
Фото: жасанды интеллект

Қазақстанда Атом электр станциясын салу тақырыбы белсенді түрде талқыланып келе жатыр. Осыған орай 6 қазанда референдум өтетін болды.  Ел өміріндегі мұндай маңызды стратегиялық қадам халықпен бірлесіп жасалуы тиіс екені белгілі. Бұл тақырыпта мамандар не дейді? «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков Elordainfo.kz тілшісіне осы жайлы айтып берді.

 -Асуан Оңғарбекұлы, алдымен АЭС салудың басты қажеттіліктеріне тоқталсаңыз...

Экономика мен энергетика екеуі егіз ұғым. Бұл салалар бір-біріне тәуелді.  Бірінсіз бірін елестетуге келмейді. Яғни, энергетика дамымаса, сәйкесінше, экономикада да ілгерілеу болмайды. Бір күн емес, бір сағатқа қуат көзі өшсе, жағдайдың қалай болатынын білесіз. Демек, адамға да, өндіріске де қажетті басты ресурс ол – энергия. Қысқасы, ел экономикасында тоқырау емес, өсім болсын десек, бірінші кезекте энергетика саласын дамыту керек. Ал, әлемдік ғалымдардың «алда энергия жетіспеушілі болады» деп дабыл қаққаны кеше емес. Бұл өзекті мәселе күн тәртібінен түспей келеді. Сондықтан елімізде АЭС салу - сұранып тұрған мәселе.  

-Егер бұл маңызды қадам жасалса, басқа да салаларға ықпалы болатыны белгілі. Осыны нақты атап бере аласыз ба? 

Алдымен, парникті әсерді азайтады. Мысалы, жыл сайын 1000 МВт атом электр станциясын пайдалану парниктік газдар шығарындыларын 8 миллион тоннаға азайтады. Одан соң елдің ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуетін өсіреді. Өйткені генерацияның жаңа технологияларын енгізу атом энергетикасы саласына ғылыми кадрлардың жаңа буынын қалыптасыруды және жоғары білікті мамандарды даярлауды талап етеді. 
Өнеркәсіпті дамытып қана қоймай, мемлекетіміздің инвестициялық тартымдылығын арттырады. АЭС құрылысы экономикалық өсуді және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді. Атом электр стансасын салу кезіндегі 1 жұмыс орнына сабақтас салаларда 10-нан аса жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, білім беруді, жобалауды, жоғары технологиялық және білімді қажет ететін технологияларды, машина жасау,  металлургия, аспап жасау сияқты сабақтас салаларды дамытады. Уран өнімдерін өндіру үшін өзіміздің уран кен орындарының ресурстық және өндірістік базасының әлеуетін ұтымды және кешенді пайдалана аламыз. Әрі ел тұтынушыларын 60 жылдан аса сенімді энергиямен қамтамасыз етпек. 

-АЭС-тің қоршаған орта мен адам денсаулығына кері әсері бар ма? 

Жоқ деп айтса да болады. Өйткені Атом электр станциясын салудағы негізгі басымдық пен принциптің бірі – оның қоршаған ортаға зиянды әсерінің болмауы. 
Әлбетте алдын ала бағалаулар жүргізілді. Нәтижесінде атом электр станциясын салу және оны пайдалану кезінде Балқаш көлі немесе Ертіс өзенінің экожүйесіне тиер қауіптер анықталған жоқ. Мұнымен жұмыс тоқтамайды. Әрі қарай жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу кезеңінде ғылыми және инженерлік мамандар жан-жақты зерттеу жүргізетін болады. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2021 жылғы қыркүйектегі жағдайға сәйкес, Ертіс өзені бассейнінің су ресурстары 30,4 млрд м3 құрайды. Атом электр станциясының технологиялық циклі кезінде судың булануынан болатын шығын жылына шамамен 63 млн м3 деп бағаланды (қуаты 2400 МВт атом электр станциясы үшін). Осыған байланысты атом электр станцияларының су тұтынуы Ертіс өзені бассейнінің жағдайына айтарлықтай әсер етпеуі керек деген болжам жасалды. 
Балқаш-Алакөл бассейні су ресурстарының көлемі 25,2 млрд м3 деп бағаланады, бұл да атом электр станциясын салқындату үшін қажетті көлемнен айтарлықтай көп, сондықтан станция бұл бассейннің су құрамына кері әсер етпейді. Жалпы әлемде табиғи су қоймаларының жағасында атом электр станцияларын салу тәжірибесі кең тараған және атом электр станцияларын пайдаланатын дүниежүзіндегі станциялардың су қоймасына теріс әсер ету факторлары әлі бірде-бір рет кездескен жоқ.
Сондықтан, сарапшылар атом электр станциясы базалық қуаттың тұрақты әрі сенімді көзі дегенді зор сеніммен айтып отыр. 

-АЭС-ті пайдалану нәтижесінде пайда болатын қалдықтардың жиналуы жөнінде не айтасыз? 

Шынында да, атом электр станцияларын пайдалану нәтижесінде пайда болатын қалдықтардың жиналуы - атом энергетикасындағы негізгі мәселелердің бірі. Бірақ бұл проблеманың технологиялық шешімі бар. Атом электр станцияларының қалдықтары әртүрлі критерийлер бойынша жіктеледі және олардың ең маңыздысы – адамдар мен қоршаған ортаға қауіптілігіне тікелей байланысты радиоактивтілік деңгейі. Осы негізде қалдықтар пайдаланылған ядролық отын мен оны қайта өңдеу өнімдері, сондай-ақ орташа және төмен радиоактивті материалдар кіретін жоғары деңгейдегі қалдықтарға бөлінеді.
Қолданылған ядролық отынды қазіргі уақытта атом энергетикасы дамыған көптеген елдер қалдық ретінде емес, әлеуетті ресурс ретінде қарастырады. Пайдаланылған отынды қайта өңдеу мен қайта пайдалануды көздейтін жабық ядролық отын циклінің технологиялары енгізілуде. Бұл технологиялар Уран-238-ді жылдам нейтронды реакторлар процесіне қосуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні бұл технологиялар айтарлықтай дамыған: қайта өңделген материалдан жасалған жаңа отын түрлері атом электр станцияларында белсенді түрде қолданылуда.

Бұл, бір жағынан, экологиялық жүктемені азайтып, түзілетін қалдықтардың көлемін азайтса, екінші жағынан уранды пайдалану тиімділігін арттырып, сол арқылы атом энергетикасының шикізаттық базасын кеңейтеді. Осылайша, жоғары деңгейлі қалдықтардың мөлшері айтарлықтай төмендейді. Ал қалдықтардың көлемі, тіпті өңдеусіз болса да, көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының күл үйінділерінің көлемдерімен салыстырғанда айтарлықтай аз.

-Жұртшылықтың көкейіндегі сұрақтардың бірі - «Елімізде осы саланың білікті мамандары жеткілікті ме?» деген сауал. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

Иә, мамандар мәселесі қалай болады деп алаңдауымыз мүмкін. Оған да алаңдауға негіз жоқ. Қазақстанда кәсіби ортада көпшілікке жақсы танымал Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институты табысты жұмыс істеуде. Шетелдік атом электр станциялары үшін отын таблеткалары мен отын жинақтарын шығаратын зауыт салынды. Қазақстанның 4 жоғары оқу орны атом саласы үшін мамандарды дайындайды.
«Болашақ» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап «Атом өнеркәсібі», «Атом ядросы мен бөлшектері физикасы», «Техникалық физика (Атом электр станциялары мен қондырғылары), «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша 21 бакалавр, 12 магистр және 1 маман білім алды.
Дүниежүзілік тәжірибеге сәйкес, атом электр станциясының жұмыс істеу кезеңінде орта есеппен 2000-ға жуық жоғары және орта арнаулы білімі бар персонал қажет. Осы мақсатта болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, қабылданады. Оның негізінде қажетті мамандар санын дайындау ұйымдастырылады. Бұл ретте атом электр станцияларының өнеркәсіптік өндірістік персоналының шамамен 20%-ын ядролық білімі бар зауыт қызметкерлері құрайтын болады. 

-    Сұхбатыңызға рақмет!