МӘМС жүйесіне тіркелмеген 2,4 млн азамат ем-домсыз қалып қоймай ма – Нартай Аралбай


Депутат бұл сауалды ҚР Парламенті Мәжілісінде МӘМС мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасының таныстырылымында Денсаулық сақтау министріне қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Біздің елімізде 3,3 млн азамат МӘМС жүйесіне тіркелмеген. Олардың 2,4 млн-ның өмір сүру деңгейі қолайлы десек, 1 млн-ы әлеуметтік осал топтарға жатады. Соңғыларына жергілікті бюджет есебінен тегін медициналық көмек алуға мүмкіндік болады. Ал осы жерде «Қалған 2,4 млн азаматтың тағдыры қалай болады?» деген сұрақ туады. Олар ем-домсыз қалып қоймай ма?
Бұл жерде 2,4 млн азаматқа алғашқы медициналық тексеруден өткен соң диагноз қойылғанға дейінгі процестер тегін болса деген ұсынысым бар.
Және қант диабеті, қан қысымы, бүйрек, бауыр аурулары сияқты адам өміріне тікелей әсер ететін ауруларды емдеуді тегін деңгейде қалдыру керек сияқты», - деген ұсынысын айтты Н.Аралбай.
Депутаттың бұл сауалына жауап берген Денсаулық сақтау министрі осы уақытқа дейін кепілдендірілген статусына қарамай тек екі диагноз бойынша тегін ем-дом жүзеге асырылғанын, енді олардың саны сегізге дейін өсіріліп отырғанын айтты.
«Яғни, онкология, туберкулез, гепатит, СПИД сияқты әлеуметтік ауруларды емдеуді де тегін қамтитын боламыз», - деді Ақмарал Әлназарова.



